Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Лифтідегі шабуыл: сот жасөспірімге қатысты мәжбүрлі ем тағайындады

12 Мамыр 2025, 21:52
303
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Астананың Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2025 жылғы 11 ақпанда елордалық тұрғын үй кешенінің лифтінде балаға пышақпен шабуыл жасаған 14 жастағы жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тергеу барысында жасөспірімнің ІІ топтағы мүгедек екені және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды. Сот оның лифт ішінде баланың бетіне пышақпен бірнеше жарақат салғанын растады.

Сот-психологиялық-психиатриялық сараптамаға сәйкес, жасөспірім созылмалы психикалық ауруға шалдыққан. Оқиға кезінде ол өз әрекетінің сипаты мен қоғамға қауіптілігін түсіне алмаған және оларды басқара алмаған. Осы себепті ол өзіне де, айналадағы адамдарға да қауіп төндіреді деп танылды.

Соттың қаулысымен оған Талғар ауданы, Ақтас ауылындағы қарқынды бақылаудағы мамандандырылған стационарлық мекемеде мәжбүрлі ем тағайындалды.

Айта кетейік, шабуыл нәтижесінде жәбірленуші бала бетінің жұмсақ тіндеріне, сол жақ паротит, самай және жақасты аймақтарына, сондай-ақ жоғарғы ерніне бірнеше кесілген жарақат алған.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы