Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы Технологиялық колледжінде табиғи өнімдерден дайындалған эко нан пісірілетін болады. Бұл туралы колледж директоры Ләззат Разбекова хабарлады.
Бүгін Технологиялық колледжде «Жас маман» жобасы бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Осы уақытқа дейін аталған жобаның игілігін еліміздегі 200-ден астам колледж көріп, жаңа әрі заманауи құрылғылармен жабдықталды. Кейбірі соңғы үлгідегі ғимараттарға көшті. Ал технологиялық колледжге жоба аясында нан, тоқаш өнімдерін сақтайтын, дайындайтын 20-дан аса ерекше құрылғылар орнатылды.
Директордың айтуынша, колледждің негізгі бағыты табиғи әрі пайдалы нандардың түр-түрін пісіріп, халыққа ұсыну.
Үкіметтің қолдауымен «Жас маман» жобасы аясында колледжге 140 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мемлекет тарапынан берілген қаражатқа әлемдік стандарттарға сай 20-дан астап жабдық сатып алдық. Олар - Нұр-Сұлтан қаласында жоқ жабдықтар. Мамандарымыз осы әкелінген техникаларды меңгеріп алды. Енді студенттерге осы жабдықтармен жұмыс істеуді үйретеміз. Біздің басты бағытымыз – денсаулыққа пайдалы нандар шығару, - деді ол.
Ләззат Мұратқызының мәліметінше, орталықта дайындалатын нандар дрожжсыз, минералды сумен көтеріледі. Оларды келесі жылы нарыққа шығаруды көздеп отыр.
Қазір біз күнделікті өмірде денсаулыққа зиян нанды тұтынып жүрміз. Өйткені оған түрлі күшейткіштер, дрожж қосылады, олардың бәрі ағзаға зиян. Біз енді ешқандай қоспасыз, дрожжсыз пісірілген табиғи нандардың 11 түрін шығарамыз. Ондай премиум нандарды кез келген наубайшы жасай алмайды. Боржоми минералды суымен нанды көтеріп, дайындау екінің бірінің қолынан келмейді. Үйде күнделікті пісіретін дрожж қосылған нан бірнеше сағатта көтерілсе, біздің нандарымыз бір тәулік дайындалады. Технологиясы өте қиын, бірақ ағзаға өте пайдалы. Сондықтан сатқанда оның бағасы күнделікті жейтін нанымыздан қымбатырақ болады. Келесі жылы коллежде дайындалған нандарды сатуды заң жағынан қарастырып жатырмыз, - деп түсіндірді ол.
Қазіргі таңда 500-ге жуық студенті бар коллежде 347 адам наубайшы мамандығында оқиды. Олар 2 жыл 6 ай білім алады. Оқу орны басшысының айтуынша, қазіргі таңда нарықта наубайшыларға сұраныс көп.
Бұл күнге жету үшін екі жыл уақытымыз кетті. Аграрлық университеттің ғалымдарымен бірге жұмыс істедік. Қазақстандағы ең мықты наубайшыларды жұмысқа тарттық. Қазіргі таңда колледжде 10-нан астам наубайшы бар. Олардың арасында Worldskills байқауына қатысып, бірінші орын алып жүргендер бар. Шеберлеріміздің кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап отыру керек, сондықтан келесі жылдың басында Ресейге білім алуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз тек әлемдік стандарттарға сай болу емес, халыққа барынша пайдалы нанды ұсыну. Оқу бітірген соң түлектерді міндетті түрде жұмыспен қамтамасыз етеміз. Қазір нарықта наубайшылар жетіспейді, - деп атап өтті Ләззат Разбекова.
Шара барысында колледж студенттері мен оқытушылары ешбір жерде өндірілмейтін нан түрлерін әзірлеп, мастер-класс көрсетті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазы Worldskills байқауының жеңімпаздарын құттықтап, марапаттарын табыстады.
Өндірістік қызметтегі мамандар жаңа құрылғылармен жұмыс істей алатынын байқадық. Біріншіден, бұл алдағы бір, екі жылда нарыққа біліктілігі жоғары кадрларды дайындаймыз дегенді білдіреді. Екіншіден, орталық жаңа білім бағдарламаларын енгізетін, наубайхана саласы, кондитерлік бойынша оқу құралдарын шығаратын құзыреттілік орталығы болуы керек. Бұл орталық барлық халықаралық стандартқа сай жасалды. Worldskills байқауына қатысушылар үшін де тренерлік лагерь болады деген ойдамын, - деді басқарма басшысы.