Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гузель Манюрова хабарлады. Сондай-ақ ол еліміздегі әйелдер күресіне қатысты пікірін ортаға салды.
Журналистер федерация басшысынан: «Өз еркіңізбен отставкаға кетуге дайынсыз ба?» деп сұраған болатын.
Егер күресті менен артық білетін, 4 Олимпиададан өткен, тәулік бойы жұмыс істеуге дайын, Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығара алатындығын іспен дәлелдей алатын адам табылса, орнымды босатуға дайынмын, - деді Гузель Манюрова.
Сондай-ақ ол 50 келі салмақта күрескен Валентина Исламова Олимпиада ойындарында жеңіліп қалған эквадорлық спортшымен Польшадағы турнирде кездесіп, ұтқандығын алға тартты.
Ол қарсыласын оңай жеңуі тиіс еді. 53 келіде жарақатына қарамастан үлкен еңбекпен лицензияны жеңіп алған Татьяна Ахметова да польшалық спортшыны жеңеді деп сендік. Алайда қарсыласы барынша ауыр салмақта болып, күші жетпеді. Эльмира Сыздықова да Алматыдағы Азия чемпионатында қырғыз спортшысын таза жеңді. Сондықтан әйелде күресіне анау-мынау деп болжам жасауға болмайды, - деді Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті.
Сонымен қатар ол Рио-де-Жанейродағы олимпиада ойындарында ақтық мәреге шығу үшін ресейлік спортшыны жарыс аяқталарға 20 секунд қалғанда жеңіп кеткендігін мысалға келтірді.
Биылғы Олимпиадада спортшыларға сәтсіздік, өз күшін жете бағаламау, психологиялық қысым, 5 жылға созылған Олимпиада циклі әсер етті, - деді ол.