Ластаев: Білім деңгейінің төмендігі сотталғандардың қайта қылмыс жасау қаупін арттырады

17 Маусым 2024, 11:58
430
Бөлісу:
Ластаев: Білім деңгейінің төмендігі сотталғандардың қайта қылмыс жасау қаупін арттырады
Фото: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл

Сотталғандардың білім деңгейі мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейінгі өмір сүру сапасын зерттей келе, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев  Ішкі істер министрлігі қалыптастырған сотталғандандарға ортақ портретті талдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олардың көбі үйленбеген, жұмыс істейтін, бірақ қаржылық қиындықтары бар, жоғары білімі жоқ адамдар.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша сотталған 28 500 адамның 6%-ының орта білімі жоқ, 59%-ының орта білімі бар, ал 23,5%-ының арнаулы орта білімі болса, тек 11%-ының жоғары білімі бар.

Тәжірибе жоғары білімі жоқ сотталғандардың қылмысты қайталау ықтималдығы жоғары екенін көрсетті. Қылмысқа барудың басты себептерінің бірі – білім деңгейінің төмендігі.

Мәселен, 2023 жылы 3 939 адамның бас бостандығынан айыру жазасы пробацияны қолданатын шектеулерге ауыстырылды. 201 қылмыстың 2,5 пайызын ғана жоғары білімі бар тұлғалар қайталаған.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, білімі немесе қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес келетін мамандығы жоқ адамдар жұмыссыздар қатарын көбейтуде. Содан кейін пайда іздеп, қайта қылмысқа барады.

Осы мәселенің барлық аспектілерін зерделей келе, Омбудсмен жоғары білім алу сотталғандарға бостандыққа шыққаннан кейін өз мүмкіндіктерін дұрыс жүзеге асыруға мүмкіндік береді, қылмыстың қайталануын болдырмайды деген қорытындыға келді.

Балалардың кәсіптік немесе жоғары білімінің болмауы олардың болашағына және қоғамдағы өмірге бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін. Жұмыстың болмауына байланысты табыстың аздығы адам өмірінің барлық салаларына айтарлықтай ықпал етеді, соның ішінде балалық шақтағы қылмыс пен қылмыстың қайталануының өсуіне алып келеді, - деп атап өтті Артур Ластаев.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Уәкіл Үкіметке сотталғандардың білім беру бағдарламаларына қолжетімділігін кеңейту мәселесін қарау туралы ұсыныс енгізді.

Бүгінде елімізде сотталғандардың жоғары оқу орындарына түсуі үшін қажетті Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуіне мүмкіндік беретін жүйелі тәжірибе жоқ. Олардың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға конституциялық құқығы іс жүзінде орындалмай отыр.

Алайда, 2023 жылы сотталғандарға алғаш рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігі берілді. Ол Омбудсменге кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіздігі орташа мекемелердің бірінде жазасын өтеушілердің жүгінгенінен кейін жүзеге асты.

Түзеу мекемелеріндегі жасөспірімдер орта білім туралы аттестат алады, бірақ ҰБТ-ға қатысып, сәйкесінше білім грантына ие бола алмайды.
Содан кейін Уәкіл мемлекеттік органдармен байланысқа шығып, бірлескен жұмыстың нәтижесінде былтырғы жылдың жазында түзеу мекемесінің үш оқушысы бірыңғай тестілеуге қатысып, өту баллдарын жинады.

Бүгінде қылмыстық атқару жүйесінде 90 оқу орны жұмыс істейді, оның 46-сы орта мектеп, 44-і кәсіптік-техникалық колледж.

2024 жылы Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы мен Алматы облысындағы екі мекемеде сотталғандарды қоғамнан оқшауланған жағдайда жоғары біліммен қамтамасыз ететін пилоттық жобаны жүзеге асыруда.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі техникалық мүмкіндіктер арнайы байланыс арналары арқылы онлайн оқуға жол ашады.
Осы тұста "Неге жоғары білім?" деген сауал туындайды. Сотталғандар кәсіптік колледжді бітіргеннен кейін мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Бірақ олардың айтуынша берілген анықтама болашақта жұмысқа орналасуға әсер етпейді, өйткені жұмыс берушілер диплом талап етеді.

Уәкіл орта арнаулы, кәсіптік және жоғары білім алу сотталғандарды әлеуметтендіру құралына айналып, болашақта дұрыс жолға түсіп, жаңа өмір бастауларына көмектесетініне сенімді.

Қазір сотталғандардың тек орта және шектеулі техникалық білім алуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, нарықтық еңбек жағдайлары, жастар үшін білім беру бағдарламаларына заманауи көзқарасты және жаңа сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруді талап етеді. Білімінің болуы сотталғандарды еңбек етуге ынталандырады және жазаны жеңілдету мәселесін қарау кезіндегі негізгі өлшемдердің бірі болып табылатын залал мен сот шығындарын, оның ішінде мемлекетке өтеу туралы талаптарды уақтылы орындауға ықпал етеді, - дейді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алу – түзелуге ұмтылу ретінде қаралатынын атап өткен жөн. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу да ынталандырылады.

Биыл 566 сотталған адам орта мектепті бітіреді, оның 12-сі кәмелетке толмағандар.

Олар оқшауланған жағдайда жоғары білім алуға ұмтылуы мүмкін, сонда босатылғаннан кейін лайықты өмір сүріп, ойдағыдай жалақысы бар жақсы жұмысқа орналасады және темір торға қайта оралмайды.

Өзгелердің жаңалығы