Қызылордада өрттен зардап шеккен отбасына көмек көрсетілуде

19 Ақпан 2021, 03:13
2028
Бөлісу:
Қызылордада өрттен зардап шеккен отбасына көмек көрсетілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында болған өрттен зардап шеккен отбасы мүшелері ауруханадан шыққан бойда дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев қала әкімдігінде өткен брифингте хабарлады.

Қала әкімдігі оқиға орын алған бойдан шұғыл әрекет жасап барлық көмектерді қарастырды. Отбасы ауруханадан шыққан бойдан дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Сонымен қатар, қажетті азық-түлік, төсек орындар, киім-кешектер және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі, – деді Елмұрат Рахматуллаев.
Брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Бибізада Дүйсенбаева қазіргі таңда отбасы мүшелерінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде екендігін мәлімдеді.  
Қазіргі таңда сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталуда. Болжам бойынша өрт тоқтың қысқа тұйықталуы немесе ашық отты пайдаланудан болуы мүмкін, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов.

Айта кетейік, өткен түні жедел құтқару қызметіне сағат 00:50 шамасында әл-Фараби мөлтек ауданында орналасқан жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Аталған мекенжайға шұғыл жеткен өрт сөндірушілер түнгі сағат 01:23-те жалынды толығымен оқшаулап, өшірген. Алайда орын алған оқыс оқиға салдарынан отбасының 4 баласы мен олардың анасы көмірқышқыл газына уланып, ауруханаға түссе, тілсіз жау 2020 жылы дүниеге келген бүлдіршіннің өмірін қиды.

Өзгелердің жаңалығы