Қытаймен өте күрделі келіссөздер өтеді. Министр көрші елмен суға қатысты проблеманы атады

6 Қараша 2020, 11:49
1882
Бөлісу:
Қытаймен өте күрделі келіссөздер өтеді. Министр көрші елмен суға қатысты проблеманы атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытаймен су ресурстарын бөлу мәселесіне қатысты өте күрделі келіссөздер өтіп жатыр. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі. Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі екі елдің бірлескен комиссиясы, сондай-ақ сарапшылардың жұмыс тобы құрылды. 2003-2020 жылдар аралығында бірлескен комиссияның 17 отырысы және сарапшылардың жұмыс тобының 16 отырысы өткізілді, - дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Оның айтуынша, бүгінгі күнгі негізгі проблема трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауында. 
Негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған. Кіріспеден және 31-баптан тұратын бірыңғай құрылым келісілді. Қытаймен өте күрделі келіссөздер өтеді. Олар шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел. Жалпы біз келісімге трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етудеміз. Қытай тарапы бұған мүдделі емес, - дейді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, соған қарамастан отандық сарапшылардың табандылығының арқасында былтырғы жылы тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілген.

Айта кетейік, 2013 жылы Қорғас трансшекаралық өзенінде бірлескен су торабы салынды және бірлескен пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бүгінгі күні су торабын тараптар сәтті пайдалануда.

Сондай-ақ, 2019 жылдың соңында Сүмбе өзеніндегі бірлескен гидротехникалық құрылысты қайта құру аяқталды. 

Жақын арада аталған құрылысты бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылатын болады.


Өзгелердің жаңалығы