Ұлттық компания басшылары енді Парламент алдында есеп береді

Квазимемлекеттік сектор бірыңғай бақылауға алынды.

Бүгiн 2026, 13:07
АВТОР
 Мәжілістің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 13:07
Бүгiн 2026, 13:07
220
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Ұлттық компаниялар мен даму институттарының қызметі мемлекеттік жоспарлау жүйесі аясында бақыланады. Ал келесі жылдан бастап квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары өздерінің жұмыс нәтижелері бойынша Үкімет пен Парламент алдында есеп береді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол мемлекеттік инвестициялық саясат тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, халықаралық тәжірибеге сәйкес даму институттарын тарту арқылы да жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Жұманғариннің айтуынша, республикалық бюджеттің мүмкіндіктері бюджеттік ережелермен шектелген. Сондықтан Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік және жеке сектордағы инвестициялық белсенділікті арттыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыру.

Біз елде инвестициялық белсенділіктің жоғары болуы үшін жағдай жасаймыз. Оны барлық институттар жүзеге асыруы керек – жеке сектор да, мемлекеттік сектор да, – деді вице-премьер.

Оның сөзінше, даму институттары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік жоспарлаудың бірыңғай жүйесіне енгізілген.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары осы жоспарлардың орындалу қорытындылары бойынша келесі жылдан бастап Үкіметте және Парламентте есеп береді, – деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер бұл жүйе корпоративтік басқару қағидаттарымен де тығыз байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, ұлттық компаниялар мен даму институттарының директорлар кеңестерінде тиісті салаларға жетекшілік ететін мемлекеттік органдардың өкілдері жұмыс істейді.

Сондықтан бұл жағдайда есеп беру вертикалі толық сақталады, – деп айтты ол.

Жұманғариннің айтуынша, мұндай тәсіл мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыруға және квазимемлекеттік сектордың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Наверх