Жаз мезгілінде Алматының Наурызбай ауданында төтенше жағдай қаупі туралы бірнеше рет айтылған болатын. Күзде жауын-шашынның көбеюіне байланысты ықтимал қауіптер жөнінде аудан әкімі Назира Тоғызбаева пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, бүгінде қауіпті аймақтарды анықтау және бағалау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген.
Қазіргі таңда қауіпті аумақтарды анықтау бағытында үлкен жұмыс атқарылды. Біз барлық мәселені жан-жақты зерттедік. Жұмылдыру дайындығы басқармасымен және Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, барлық нысандарды қарап шықтық. Бүгінгі күні аса қауіпті жағдай байқалып отырған жоқ. Дегенмен табиғаттың мінезін болжау қиын. Сондықтан барлық алдын алу шаралары толық орындалды, – деді Назира Тоғызбаева.
Алматыда жауын-шашын жиілейтінін ескерсек, бұл жағдай қауіптің артуына әсер етпей ме деген ой туады. Аудан әкімі табиғи құбылыстарды нақты болжау мүмкін емес екенін айтты.
Қазіргі уақытта қауіп болады немесе болмайды деп нақты айта алмаймыз. Бұл табиғатқа байланысты. Алайда алдын алу жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілді. Өзен арналары толық тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Жұмылдыру дайындығы басқармасымен және қала әкімдігімен бірлесіп, жағдай тұрақты бақылауда ұсталып отыр, – деді ол.
Әкімнің сөзінше, аудан аумағындағы ықтимал қауіптердің алдын алу үшін профилактикалық шаралар күшейтіліп, су арналары мен қауіпті учаскелер тұрақты бақылауға алынған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда сел қаупі жоғары аудандар аталған еді. ТЖД мәліметінше, 30 мың тұрғын қауіпті аймақта тұрады.