- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Алматыда сел қаупі жоғары аудандар аталды: 30 мың тұрғын қауіпті аймақта тұрады
Алматыда сел қаупі жоғары аудандар аталды: 30 мың тұрғын қауіпті аймақта тұрады
Жақында Алматыда жауған нөсер жаңбыр тау өзендеріндегі судың күрт көтерілуіне себеп болған.
17 Шілде 2026, 16:05
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті редакция тілшісіне берген жауабында сел қаупі жоғары аумақтарды, биыл атқарылып жатқан алдын алу жұмыстарын және төтенше жағдай кезінде тұрғындарды құлақтандыру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сел қаупі қай аудандарда жоғары?
Департаменттің мәліметінше, сел қаупі ең жоғары аумақтар – Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарының тау бөктері мен таулы аймақтары.
Бұл аумақтар Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Ақсай және Қарғалы өзендерінің алаптарына кіреді. Сондықтан мұнда жауын-шашын көлемі, мореналық көлдердің жағдайы және тау өзендеріндегі су деңгейі үздіксіз бақылауда болады.
Сел қаупі сақталатын кезеңде тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Қауіп төнген жағдайда тұрғындарға жедел ескерту жасалып, барлық қажетті күш пен техника жұмылдырылады, – деп мәлімдеді департамент.
Соңғы ірі сел қай жерде болды?
Департаменттің мәліметінше, Алматыдағы соңғы ірі сел Қарғалы өзенінде мореналық көлдің суы жарылып ағуы салдарынан тіркелген. Осы оқиғадан кейін Қарғалы өзенінің арнасы қайта жаңартылып, сел суын өткізу мүмкіндігі екі есеге ұлғайтылған.
Шілдедегі нөсердің салдары қандай болды?
1–4 шілде аралығында Алматыда жауған нөсер жаңбыр тау өзендеріндегі судың күрт көтерілуіне себеп болған. Салдарынан бірқатар жол мен аулаға су жайылып, көпірлерден су асып, өзен жағалары бүлінген.
Алайда Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында ірі апатқа жол берілмеген.
Материалдық шығын болған жоқ, зардап шеккендер де тіркелген жоқ, – делінген жауапта.
Қазір қаладағы мореналық көлдер, өзен арналары мен гидротехникалық нысандар тұрақты бақылауда. Өзендердегі су деңгейін 23 гидробекет бақылайды. Оның 13-і – "Қазгидрометке", 10-ы – "Қазселденқорғауға" қарайды. Бұдан бөлек, қауіпті кезеңде ең тәуекелді учаскелерде 10 уақытша бақылау бекеті жұмыс істейді.
Мореналық көлдерде қандай жұмыстар жүріп жатыр?
Биыл жарылу қаупі бар жеті мореналық көлдің алтауында суды алдын ала ағызу басталған. Ал Қарғалы өзені алабындағы №1 көлде су деңгейі ең төменгі мөлшерде болғандықтан, онда биыл жұмыс жүргізілмейді. Бұл жұмыстарға қажетті қаражат қала бюджетінен бөлінген.
Қандай өзендерде жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр?
"Алматыны 2030 жылға дейін дамыту жоспары" аясында жалпы ұзындығы 37,5 шақырым болатын төрт өзенде ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Олар:
-
Үлкен Алматы өзені;
-
Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы;
-
Қарғалы өзені;
-
Боролдай өзені.
Бұл аумақтарда жағалауды нығайту, арналарды қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстары қатар жүргізілуде.
Қай өзен ең қауіпті?
Департамент бастамасымен Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің сел қаупі қайта бағаланған. Нәтижесінде Кіші Алматы, Үлкен Алматы және Қарғалы өзендері бойынша қауіп деңгейі орташа, ал Ақсай өзені бойынша жоғары деп танылған.
Ақсай өзенінің қауіпті аймағында орналасқан Таужолы шағын ауданында шамамен 30 мың адам тұрады, – деп хабарлады ведомство.
Биыл қанша қаржы бөлінді?
2026 жылы мореналық көлдердегі алдын алу шараларына 30 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
Бұл қаражат сифон жүйелерін орнатуға және бөлшектеуге, арнайы құрал-жабдық сатып алуға, сондай-ақ көлдердегі судың деңгейін қауіпсіз мөлшерге дейін төмендетуге жұмсалады.
Төтенше жағдайда тұрғындарға қалай ескертіледі?
Егер сел қаупі туындаса, қала әкімінің келісімімен халықты құлақтандыру жүйесі іске қосылады.
Мұндай жағдайда:
-
қаладағы 843 электрлі сирена қосылады;
-
телеарна мен радионың эфирі арнайы хабарлама үшін үзіледі;
-
ұялы телефондарға Cell Broadcast жүйесі арқылы жаппай ескерту жіберіледі.
Сонымен қатар, департамент жанынан жедел штаб құрылып, оған әкімдік, құтқару қызметтері, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және басқа да мекемелердің өкілдері қатысады.
Алматыда 384 эвакуация пункті дайын
Қажет болған жағдайда тұрғындар алдын ала дайындалған қабылдау пункттеріне орналастырылады. Қалада мұндай 384 пункт бар. Олар мектептерде, жоғары оқу орындарында және стадиондарда орналасқан. Бұл жерлерде адамдар тіркеліп, уақытша паналатылады, азық-түлікпен, ауыз сумен қамтамасыз етіліп, қажет болса қауіпсіз жерге көшіріледі.
Ең жақын қабылдау пунктін қалай табуға болады?
Қабылдау пункттері туралы ақпарат Төтенше жағдайлар департаментінің және аудан әкімдіктерінің сайттарында жарияланған. Сондай-ақ 2GIS, Google Maps және Яндекс Карталар сервистерінен "Зардап шеккен халықты қабылдау пункті" деп іздеу арқылы табуға болады.
Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің кіреберістеріне QR-коды бар тақтайшалар орнатылған.
QR-кодты сканерлеген кезде телефонда карта автоматты түрде ашылып, ең жақын қабылдау пунктіне дейінгі бағыт көрсетіледі, – деп түсіндірді департамент.
Сел қаупі қашанға дейін сақталады?
Алматыда сел қаупі кезеңі мамырдан қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде өзен арналары тазартылып, тереңдетіледі, жағалаулар бекітіледі, ал мореналық көлдерде алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар тау өзендерінің жағдайы тұрақты бақылауда болады. Қауіпті өзгерістер байқалған жағдайда тиісті мемлекеттік органдар бірлесіп шұғыл шаралар қабылдайды.
Департамент тұрғындарға сел кезіндегі қауіпсіздік ережелерін тұрақты түрде түсіндіріп, жадынамалар таратып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы алдын алу сипатындағы ақпаратты үздіксіз жариялап отырғанын мәлімдеді.
Ең оқылған:
- Астанада кәріз құдығынан табылған нәрестенің анасы ұсталды
- Шымкентте +48°С, Алматыда +42°С: Қазақстанның ірі қалаларында рекордтық аптап күтілуде
- 22 млрд теңгелік айыппұл жойылды: Амнистия кімдерге қатысты болды?
- Әнұран мәтінінен қате табылды: Қазақстан соты мәлімдеме жасады
- Қазақстан мен Қытай 15 миллиард доллардан асатын 70 келісімге қол қойды
Сымбат Сатыбалдина