Күзде еліміздің спорт саласында өзгерістер болуы мүмкін

12 Тамыз 2021, 16:57
6692
Бөлісу:
Күзде еліміздің спорт саласында өзгерістер болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында айтты. Сұхбат барысында ол өткен аптада мәресіне жеткен Токио-2020 жазғы Олимпиада ойындарындағы ел құрамасының нәтижесін талқыға салды.

Жүргізуші Абаевтан «Олимпиада ойындарын 8 қола медальмен ғана аяқтадық. Жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіредік. Бұл - біздің ұлттық құраманың көрсеткен нәтижесі. Олимпиада қорытындысына қатысты не айта аласыз?» деп сұрады.

Дәурен Абаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олимпиада туралы айтқан пікірін негізге алды.

Мемлекет басшысы Олимпиадаға қатысты пікірін білдірді. Мағынасы кең пікір айтты. Олимпиадалық команданың нәтижесі біздің мемлекетіміздің спорттық әлеуетіне сәйкеспейді деді. Бұл тұжырыммен бәрі келіседі деп ойлаймын. Біреуді алып жұмыстан шығара салу деген оңай нәрсе шығар. Бірақ жүйе бәрібір солай жұмыс істей беретіні анық. Қазір алда басқа мәселе тұр. Қателіктермен жұмыс істеп, осы саладағы барлық процеске талдау жүргізу керек, - деді Абаев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұқаралық және балалар спортын дамытуды бағдарға алып жұмыс істеу қажеттігін алға тартқан.

Яғни ең бастысы – спорттық құрылымның қала мен ауылдарда қолжетімділігін қамтамасыз ету. Балалардың тегін спорт секцияларына барынша көп қатысуын ұйымдастыру. Білікті бапкерлер мен инструкторлар дайындау керек. Сондай-ақ ауқымды аналитикалық және ревизиялық жұмыс жүргізіледі. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бақылауға алады. Президент күзде спорт саласы бойынша үлкен жиналыс өткізуді жоспарлап отыр. Спорт саласындағы барлық жаңалық бұқараға жеткізілетін болады, - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Өзгелердің жаңалығы