Елімізде әйел адамдар арасында некеге тұрған соң өз тегінде қалу үрдісі байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай шешімге көбінесе олар өздерінің ата-тегін сақтап қалуға тырысу, бабаларына деген құрмет пен тұлғалық ұстанымы тұрғысынан баратыны белгілі болды.
Ал психологтар бұл өте маңызды әрі күрделі сұрақ деп отыр. Әсіресе қазіргі заманда қоғамдағы гендерлік теңдік, жеке тұлғаның автономиясы және отбасы ішіндегі рөлдер туралы пікірталастар белсенді жүрген кезде маңызды екендігін алға тартады.
Психолог ретінде, әсіресе ғылыммен айналысатын маман ретінде, бұл мәселеге біржақты жауап беру дұрыс емес, себебі әрбір жағдай – тұлғалық, мәдени, тарихи және әлеуметтік контекстке байланысты ерекшеленеді.
Күйеуінің тегін алу – бұл міндет емес, таңдау. Әйел адам өзінің тегін сақтап қалуды да, күйеуінің тегіне өтуді де, тіпті қосарлы тег алуды да таңдай алады. Бұл жерде бастысы – ол шешім әйелдің өз еркімен, қысымсыз қабылдануы керек. Психологиялық тұрғыдан, адамның аты-жөні – оның идентификациясының, өзі туралы түсінігінің бір бөлігі. Кейбір әйелдер үшін өзінің тегін сақтау – кәсіби беделін, отбасылық мұрасын, немесе жеке даралығын сақтау мағынасын береді. Ал басқалары үшін күйеуінің тегін алу – бірліктің, отбасы болудың символы, - деп санайды психолог Сымбат Абдрахманова.
Айтуынша, Қазақстанда патриархалды мәдениет әлі де басым. Көптеген отбасыда күйеуінің тегіне өту "қалыпты" және "дұрыс" деп есептеледі.
Бұл дәстүр ретінде қалыптасқан, алайда қазіргі таңда көптеген жастар бұл дәстүрге жаңаша қарай бастады. Отбасылық жүйе тұрғысынан қарасақ, бұл шешім отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін. Егер күйеуі әйелінің өзінің тегін сақтауына қарсы болса, онда бұл сенім, қабылдау және шекаралар мәселесіне айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда жұптар арасында ашық диалог пен өзара құрмет болуы өте маңызды, - дейді психолог.
Ұлттық сарапшы-демограф Аяулым Сағынбаева тегін ауыстыру – әркімнің жеке мәселесі деп есептейді.
Жалпы, адамның тегін ауыстыруы – әркім өзі шешетін жеке мәселесі. Біреу өзінің тегінде қалғысы келсе, біреу жолдасының тегіне ауысқысы келеді. Кез-келген сұрақтар заң аясында ғана шешілу керек. "Неке және отбасы туралы" Кодексінде ерлі-зайыптының тек таңдау құқығы бары көрсетілген және осы тұрғыдан бұл адамның құқы мен қалауы. Бұған ешкімнің мін тағуына құқысы жоқ, - дейді демограф Аяулым Сағынбаева.
Елордалық Гүлнұр Алтынбекқызы тұрмыс құрған соң өз тегінде қалғысы келетінін айтты.
Отбасылық өмірге қадам басып, некеге тұратын кезде өз тегімде қалғым келеді. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Менің де өз шыққан ата-тегім бар. Болашақ жарыма тек ауыстыру мәселесі проблема болмайды деп ойлаймын, - дейді ол.
Ал сарапшылар болса, бұл тренд Еуропа мен АҚШ-тан келгенін, сондай-ақ әйелдер құқығының бір бөлігіне айналды деп отыр.
Зерттеулер көрсеткендей, әйелдің күйеуінің тегін алуы немесе алмауы – некенің сапасына немесе ұзақтығына тікелей әсер етпейді. Алайда егер бұл шешім қысыммен қабылданса, онда ол әйелдің ішкі наразылығына, өзін-өзі төмен бағалауға немесе жасырын реніштерге әкелуі мүмкін. Бұл некеге жанама әсер етуі ықтимал.