Күйеуін өлтірді деп күдікке ілінген директорға қатысты жаңа деректер пайда болды

3 Наурыз 2023, 11:52
3010
Бөлісу:
Күйеуін өлтірді деп күдікке ілінген директорға қатысты жаңа деректер пайда болды
Фото: nur.kz

Күйеуін пышақтап өлтірді деп күдікке ілінген елордалық мектеп директоры пышақ жарақаттарымен ауруханаға жатқызылып, оған операция жасалды, деп хабарлады BAQ.KZ.

Күйеуін пышақтап өлтірді деген елордалық мектеп директоры пышақ жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Оның күйеуінің мәйіті пәтерден табылған. Зардап шеккен әйелге операция жасалды. Қазір жағдайы қанағаттанарлық. Оқу орны басшысына қатысты оқиғаны оның әріптестері әлеуметтік желі арқылы естіген. 

№ 65 мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы Гульнаш Төкешова зардап шеккен әйелдің өте еңбекқор адам екенін атап өтті.

Отбасыға қатысты ештеңе айта алмаймын. Өйткені жақын араласпағанмын. Ол өте еңбекқор кісі, өз ісін біледі. Басшы ретінде үнемі мектепке жаны ашып жүретін, - деді ол.

Белгілі болғандай, 20 ақпаннан бастап мектеп директоры еңбек демалысында болған.

Әріптестерінің айтуынша, ол жеке бас мәселелерімен бөліспейтін.

№ 65 мектеп-гимназиясы тазалық жөнінде менеджер Назира Түсіпова директордың мектепке қайтып оралғанын қалайтынын айтты.

Мен мұндайды естимін деп ойламаппын, себебі ол өте жақсы адам. Техникалық персоналмен өте жақсы қарым-қатынаста болды. Оның қайтып келгенін қалаймын, - деп атап өтті Түсіпова.

Қайғылы оқиға болған күні пәтерде қандай жағдай орын алғанын тиісті қызметкерлер анықтап жатыр. Әзірге ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс болды деген ақпарат бар. Бірақ ол расталмады. Зардап шеккен әйелдің екі ұлы бар екені айтылды.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері тергеуді бастап кетті. Сонымен қатар бірқатар сараптама да жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы