Құрмет Талапқазы Павлодар облысынан мың вагон шөп жинап әкетпек

7 Тамыз 2021, 22:45
3532
Бөлісу:
Құрмет Талапқазы Павлодар облысынан мың вагон шөп жинап әкетпек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аштан қырылып жатқан Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы малға шөп жинап, жеткізумен аты шыққан Шымкент тұрғыны Құрмет Талапқазы осы мақсатпен Павлодар облысына келіп жетті. Бұл туралы Pavlodarnews.kz жазды. 

Еріктінің айтуынша, оның Павлодарға келгеніне үш күн болған екен. Ертеңнен бастап бір топ волонтер Успен ауданындағы әкімдікке қарасты жерлерде мал азығын әзірлеуге кіріседі.  

Успен ауданында әкімшіліктің қарамағында үш мың гектар жер бар екен, сөйтіп, соны оруға бізге берді. Қытайдан келген қандастарымыз шөп ору аппаратын алды. Ертеңнен бастап өзіміз орып, өзіміз жібереміз. Орылмай қалатын, босқа қалатын шөпті аламыз. Басқа аудандар да қосылады».  Еріктілер Павлодар облысында екі апта шамасында жұмыс істеп, орылмай бос қалған жерлердің шөбін жинап әкетпек.  «Павлодарда даланың бәрі шөпке толы – оңтүстікке, батысқа бәріне шөп жетеді ғой. Бұл жерден жоқ дегенде 5-10 мың вагон шөп шығаруға болады. Бұл жақтың малы семіргеннен жүре алмай жатыр ғой. Ал Арал мен Маңғыстауда күннен күнге мал түліктері қырылып жатыр. Солтүстік шөптің отаны бола тұра шөп бермесе, ұят болады ғой. Елдің бәрі солтүстікке күледі, - дейді Құрмет Талапқазы. 

Ерікті осынша мал азығын орып, елдің шөпке зәру өңірлеріне жеткізе алатынына сенімді. Айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан теміржолы вагон жағынан қолдау көрсетуге әзір. Орақ, техника болса, ол мәселені шешуге де әрекет жасаймыз деп отыр еріктілер.  

Еске сала кетейік Маңғыстауда қуаңшылық жайлап, Қазақстанның оңтүстігіндегі халық асарлатып, шөп жөнелтуді бастаған. Бұл шараны өзге өңірлер де қолдап, шөп жіберуге кіріскен.


Өзгелердің жаңалығы