Күрішбаев: Солтүстік үш облыста 1,2 млн гектарға жуық жер игерілмей жатыр

4 Қыркүйек 2019, 16:05
4145
Бөлісу:
Күрішбаев: Солтүстік үш облыста 1,2 млн гектарға жуық жер игерілмей жатыр
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Сәкен Сейфулин атындағы Агротехинкалық университетінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы талқыланды.

Жиынға ауыл шаруашылығы саласының мамандары, университет ректоры Ақылбек Күрішбаев және оқытушылар мен студенттер қатысты.

«Президент жанынан арнайы ұйым құрылатын болды. Ол ұйым негізінен халықпен тікелей байланысып отырады. Демек билік халыққа жақындай түседі деген сөз. Бұл мемлекеттік басқарудағы жаңаша бағыт деп білемін. «Ауылым алтын бесігім» атты жоба бүгінде өте жақсы жұмыс бастап жатыр. Келешегі де зор болады. Себебі жоғарғы билік ауылымызға жақындай түсуде. Ауыл көркейсе ауылшаруашылық саласы да көркейетіні сөзсіз. Себебі халқымыздың 42 пайызы әлі де болса ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Міне біз осы бір құндылықтарымыздан айырылып қалмауымыз керек. Ауыл көтерілмей, экономика дамымайды! Бұл – факт» - дейді университет ректоры.

Оның айтуына қарағанда, ауылды жерлерді дамыту мен қоса ауыл шаруашылығы саласына да ерекше мән беруіміз керек.

«Оған білім ордалары да тиісті деңгейде атсалысамыз. Атап айтар болсақ Президент жер мәселесі төңірегінде нақты тапсырмалар берді. Біздің сала бойынша басты құндылығымыз да осы жер. Жерді тиімді пайдалану басты міндет. Ол үшін ғылымдағы жаңа мүмкіндіктерді де тиімді пайдалануымыз қажет. Мысалы, біздің базамызда Ғарыштық ақпараттық жүйелер орталығының мүмкіндігі зор. Осы бір мүмкіндікті ұтымды пайдаланудың қыр-сырын жер пайдаланушыларға түсіндіре беруіміз қажет. Ең алдымен сапалы маман даярлап шығару міндетіне жіті мән берілетін болады. Тапсырмаға сай қазір жоғары оқу орындарының алдында үлкен міндет тұр», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Ректор бір кезде түрлі жолмен ауқымды жерге ие болып қалған латифундистердің де жері мемлекетке қайтарылуы мүмкін екенін айтты.

«Оларға ең әуелі кешенді тексеру жүргізу керек. Егер шын мәнісінде игерілмей жатқан жерлері бар болса, мемлекет меншігіне қайтаратын болады. Мысалы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында игерілмей жатқан 1,2 млн гектар жер бары анықталды. Жер бұлай игерілмей жатпауы керек» - деді ректор.

Өзгелердің жаңалығы