Құранды толық жатқа оқығандар жарыстан көлік ұтып алады

23 Тамыз 2021, 16:21
11912
Бөлісу:
Құранды толық жатқа оқығандар жарыстан көлік ұтып алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай киелі Түркістанда Х республикалық Құран жарысы өтеді. 

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы хабарлады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қазан айында қасиетті Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан республикалық байқау өтеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің», – деп айтқандай, Діни басқарма жылдағы дәстүр бойынша Х Республикалық Құран сайысын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерей тойына орай қазан айының 6-7 күндері киелі Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отыр, - делінген хабарламада.

Сайыс Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша ұйымдастырылады.

Құран жарысына қатысушыларға қойылатын талаптар:

– Құранды қатесіз жатқа және тәжуидімен көркем оқуына баса мән беріледі;
– үміткер өз облысындағы алдын ала іріктеу сайысында 1-орын алған жағдайда ғана жарысқа жолдама алады;
– толық Құранды жатқа оқу номинациясы бойынша қатысатын үміткер Республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орын алмаған болуы керек;
– үміткер ҚР ер азаматы болуы керек;
– үміткер 30 жастан аспаған болуы керек;
– үміткер жарысқа тек бір номинация бойынша ғана қатыса алады.

Қажетті құжаттар:

1. Үміткердің анкетасы;
2. Жеке куәлік көшірмесі;
3. Іріктеу сайысының сертификат көшірмесі;
4. Облыс Бас имамының ұсыныс хаты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге автокөлік пен қаржылай сыйлықтар табысталып, арнайы сертификаттар беріледі.

Өзгелердің жаңалығы