Құран алғаш рет көне түркі тіліне аударылды

28 Мамыр 2021, 15:05
2391
Бөлісу:
Құран алғаш рет көне түркі тіліне аударылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық Түркі академиясы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференция өткізді.

Конференцияға қатысушылар алдымен Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, тағзым етті.

Осыдан кейін университеттің Мәдениет сарайында басталған алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ержан Мұқашев, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Риза Акынджы, «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы, экс-губернатор Гунгөр Азим Туна, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.

Құран алғаш рет көне түркі тіліне аударылды

Түркі интеграциясының архитекторы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық тұрғыдан киелі Түркістанды түлетуге ұдайы назар аударып келді. Елбасының қолдауымен бой көтерген жаңа астана Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің саяси орталығы болса, Елбасының дем беруімен жаңғырып түлеген Түркістан шаһары бауырластықтың бекем бірлігіне арналған еңселі ескерткіш деуге болады» деп атап өтті. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары Түркістанда өткен ірі тарихи оқиғаларға тоқталған академия басшысы: «Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты Түркі кеңесі саммиті өтті. Саммитте «Түркістан декларациясы» қабылданып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Ақын Мағжан «Түркістан ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі» деп жырлағандай Түркістанды рухани астана санаудың айғақтары жеткілікті, - деді Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі.

Басқосу аясында Қарахан мемлекеті дәуірінде (Х ғасыр) көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. 

Құран алғаш рет көне түркі тіліне аударылды

Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бұл бірегей басылым біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады. Бүгінде бұл қолжазба Ыстамбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Түркістан топырағында туып, жетілген ғұламалар сусындаған мыңжылдық мұра осылайша түркология, тіл дәне дін мәселелеріне қызығушылық танытатын ғалымдар мен ізденушілерге қолжетімді болып, толық факсимиле нұсқасында тұңғыш рет жарияланып отыр. Қасиетті кітаптың жарық көруі Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы атануымен тұспа-тұс келді, – дейді ғалымдар.

Келелі кеңеске қатысушылар Елбасы бастамасымен қайта түлеген Түркістан және оның түркі әлеміндегі маңызы туралы ойларын ортаға салып, бауырлас елдердің бірлігі жайында пайымды пікірлерімен бөлісті.

Құран алғаш рет көне түркі тіліне аударылды

Жиын соңында көне түркі тіліндегі Құран кітабының жарық көруіне атсалысқан «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы, экс-губернатор Гунгөр Азим Тунаға, Ыстамбұл университетінің профессоры Емек Үшенмезге және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің докторанты Сайпулла Маллақанағатұлына Халықаралық Түркі академиясының Құрмет грамоталары табыс етілді.

Басқосудан кейін мәртбелі меймандар түгел түркінің төрі саналатын Түркістан қаласындағы тарихи орындарды аралап, жаңадан бой көтерген ғимараттармен танысты.

Өзгелердің жаңалығы