Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Елімізде онкологиялық аурулармен күрес бағытында айрықша шаралар қолға алынған.
Өткен жылы Қазақстан аумағында 190 559 азамат осы жаман аурумен есепте тұрған. Оның 32 737-сі алғаш рет анықталғандар санатына жатады.
Бұл туралы Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығының директоры Айбаз Әлиханов айтып берді. Ол былтыр өңірде 7 777 тұрғын қатерлі ісікпен есепке алынғанын атап өтті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылы 7 652 болған.
Ал биыл қатерлі ісік дертімен алғаш рет есепке тұрған науқастардың саны 1 514-ті құрады. 2020 жылы 1 414 адам еді. Аурушаңдық көрсеткіші – 133,1. Бұдан аурушаңдық көрсеткішінің аздап көтерілгенін аңғарамыз. Себебі аймақта соңғы жылдары ауруды ерте сатысында анықтау жұмыстары жақсарған және бұған скринингтік тексеру шаралары да айрықша үлес қосып келеді. Аналық без қатерлі ісігіне келсек, 2021 жылы бұл дертпен 335 ауруды есепке алдық. Онкологиялық аурулардың құрамы бойынша бұл көрсеткіш 4,3 %-ды құрайды. Алғашқы рет анықталғандардың саны – 49. Бұл аурудан 27 ана көз жұмды, - деп бөлісті спикер.
Айбоз Асанұлы аталған аурудың аналық бездің өзінде болатынын жеткізді. Яғни бірінші түрі немесе метастазалық болуы мүмкін, басқа кез келген ағзадан келуі де ғажап емес. Бұл аурудың төрт сатысы болады, төртінші сатысы өте қауіпті деп есептеледі. Диагностикалау жұмыстары аналық бездің төмен орналасуына байланысты қиынға түсетіні бар. Көбінесе әйелдерді іштің төменгі жағынан ауырсыну мазалайды, іштің үлкеюі, тамаққа тәбеттің тартпауы, әлсіздік пайда болады. Өкпенің шаршауы, ауа жетіспеу белгілері дерттің асқынғанын көрсетеді.
Сондықтан әйелдердің акушер-гинеколог дәрігеріне уақытылы қаралып тұрғаны аса маңызды. Дәрігерлер медициналық жабдықтармен тексеруге жібереді, әсіресе, дер кезінде УЗИ-ге түсу керек. Кеуде қуысын рентгенмен тексеру, МРТ, КТ сияқты аппатараттар да ауруды ерте сатысында әрі тез анықтауға мүмкіндік береді. Сол сияқты, тері меланомасы да өте жоғары қауіпті қатерлі ісіктер қатарына жатады. Әртүрлі себеппен терінің өзгеруі, әсіресе туа біткен қалдардың өзгеруі қауіпті болып саналады. Күн сәулесі туа біткен қалдардың қатерлі ісікке айналып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін, - деді дәрігер.
Оның мәліметінше Жамбыл облысында қазіргі таңда тері меланомасымен 71 ауру тіркелген екен. Аурушаңдық көрсеткіші – 0,8. Осы дертпен 6 азамат қайтыс болған. Бұл аурудың да 4 сатысы болады. Диагногстикалау кезінде «ABCDE» кестесін қолданған жөн. Мұндағы A (asymmetry) асимметрияны білдіреді, яғни қалдың жан жағы бір-біріне ұқсамайды; С (color) – әртүрлі қалдың пайда болуы (кызыл, қызғылт, көк, ақ т.б.); D (diameter) – диаметрі 6 милиметрден жоғары; Е (elevation) – қалдың ісініп, тері деңгейінен жоғары болуы.
Тері қатерлі ісігі қатерлі ісік ретінде аса қауіпті емес, ерте сатысында 95 % толық емделеді. Диагнозды БМСК дәрігерлері қояды. Бұл көзге көрінетін ауру болғандықтан, ерте сатысында да анықтау қиындық тудырмайды. Қазақстанда тері қатерлі ісігімен 918 ауру есепте тұр. Онкологиялық аурулар құрамы бойынша 12 %. Осыған байланысты тері қабатында өзгерістер болса, дәрігерлерге немесе емханалардағы қарау кабинеттеріне жүгіну қажет, - деп түсіндірді Айбоз Әлиханов.
Ол қуық қатерлі ісігі туралы да әңгімеледі, бұл да біршама жиі кездесетін дерттердің қатарына жатады. Ісіктің таралуына байланысты аталған ауру да 4 сатыға бөлінеді, төртінші сатысы өте қауіпті болып есептеледі. Былтыр қуық қатерлі ісігімен есепте 160 тұрғын тұрған. Алғаш рет анықталғандары – 32. Алдыңғы жылы 18-ін анықтағанбыз. Науқастар саны өсіп келеді, себебі ерте сатысында анықталған аурулар саны көбею үстінде. Мұның диагнозы аурудың тарихына қатысты қойылады. Қан араласқан зәр шығу, көзге көрінбейтін қанның зәрге араласуы, зәр шығудың дұрыс болмауы, қуық үстінің ауыруы, түнде көп терлеу, әлсіздік, темперпатураның көтерілуі сынды белгілері бар.
Ауруды тексергенде қуық үстінің ауыруы, бұған қоса тік ішек, жыныс органдары ауруының бегілері қосылуы әбден мүмкін. Диагноз қоюға қанды, зәрді тексеру, коагулограмма, цистоскопия, УЗИ, ТРУЗИ, цистография, экскреторная урография, цистография, КТ және МРТ көмек береді. Соңғысы ісікті гистологиялық тексеруден өткізу, - деді Айбоз Асанұлы.