"Қазгидромет" РМК алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады.
Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Бірқатар өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
2 маусымда Павлодар облысында, 3 маусымда Атырау және Маңғыстау облыстарында, 3-4 маусымда Ақтөбе облысында, 4 маусымда Қостанай облысында қатты жаңбыр жауады деп болжануда. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Республика бойынша жел күшейіп, ал оңтүстік-батыс пен оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы ықтимал.
Күндізгі ауа температурасы батыста +23…+28°С-қа дейін жоғарылайды. Солтүстік-батыста ауа температурасы +13…+26°С-қа дейін төмендейді. Солтүстік өңірлерде +25…+32°С-қа дейін, республиканың орталығы мен шығысында +27…+36°С-қа дейін жоғарылайды. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы сәл төмендеп, +25…+35°С шамасында болады, - деп болжайды синоптиктер.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жаз ыстық болатынын айтты.