Куәлік алғысы келген тұрғын алаяқтың құрбаны болды

17 Желтоқсан 2021, 17:08
1777
Бөлісу:
Куәлік алғысы келген тұрғын алаяқтың құрбаны болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семей қаласының тұрғыны жүргізуші куәлігін жеңіл жолмен алғысы келіп, делдалға жүгінген. Алайда, ол алданып қалды. 

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми хабарламаның мәліметінше, «102» жедел арнасына 21 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Оның айтуынша, Дулатов көшесінің бойында өзін әңгімеге тартқан бейтаныс жігіт жүргізуші куәлігін істеп бере алатынын айтып, 100 мың теңге сұраған. Бұған сенген азамат алаяққа сұраған ақшасын бере салған.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері көп ұзамай күдіктіні ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Кінәсін мойындаған ер адам ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Өзгелердің жаңалығы