Полиция көлігі әйелді 5 метрге ұшырып жіберді – куәгерлер оқиғаның мән-жайын баяндады

15 Маусым 2021, 10:21
4397
Бөлісу:
Полиция көлігі әйелді 5 метрге ұшырып жіберді – куәгерлер оқиғаның мән-жайын баяндады

Алматы, BAQ.KZ. Қайғылы жағдай 14 маусым күні таңғы сағат 07.00 шамасында Алатау ауданындағы көлік жуу орталығының маңында болған. Өтемісұлы көшесінің бойымен келе жатқан полицей марқұм әйелді осы жерде қағыпты. Куәгерлердің айтуынша, күдікті полицей алдымен темір қақпаны соғып кейін әйелді қаққан.

Астана телеарнасының мәліметінше, қайтыс болған әйел 50 жаста. Қатты соққы алған келіншек сол жерде, тілге келместен көз жұмған. Марқұмның жақындары полиция қызметкерінің көлікті сау күйінде тізгіндегеніне күмәнданып отыр.

Оқиғаны өз көзімен көргендер, апаттың қас-қағым сәтте болғанын айтады. Ал марқұм көлік жуу орталығында жұмыс істеген. Ол тәулік бойы жұмыс істейтін орталықта түңгі ауысымда болып, жұмысты аяқтауына бірер сағат қалғанда оқыс жағдайға тап болған.

Келіншектің артында ересек 2 баласы қалды. Кішісі биыл мектеп бітіріп жатыр. Қара жамылған отбасы, полиция көлігі жылдамдықты асыра пайдаланған деп отыр.

Жүзбен келе жатқан ғой, 5 метрге ұшырып жіберген. Өзіңіз ойлаңыз, бірден, тіл тарпастан өліп кеткен. Басынан қатты соққы алған. Полиция қызметкерлері өздерін қазір сау деп айтып отыр. Жазасын алады, алу керек, - дейді марқұмның қайын апасы Сүңгілшаш Айтуғанова.

Көлік жуу орталығының әкімшісі Юрий Приходько полиция көлігі әйел жұмыс істеп тұрған жерінен келіп қаққанын айтады.

Келіншек осы тәулік бойы істейтін көлік жуу орталығында бір айдан бері жұмыс істеді. Ол жуылған көліктердің ішін тазалаумен айналысатын. Бүгінде мына жерде тұрған шаңсорғыш аппаратымен жұмыс жасап тұрған. Полицей көлігі оны шаңсорғышымен қоса ана жаққа ұшырып жіберді, - дейді ол.

Алматы қаласы Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Жәнібек Өскенбаев көлікті тізгіндеген полиция қызметкерінің ол сәтте сау болғанын айтады. Егер кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қайғылылы оқиғадан кейін күдікті азамат бірден қамауға алынды. Оған қатысты тергеу басталды, жауап алу кезінде ол кінәсін толық мойындаған. Қалада көліктердің қатысуымен болатын жол апаты азаяр емес. Абай даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысында да жеңіл көлік жаяу жүргіншіні қағып, кейін автобусқа соғылған. Салдарынан бес адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Кінәлі азаматқа екі жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы берілуі мүмкін. Ал патрульдік көлікті тізгендеген жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, 5 жылға сотталу жазасы қарастырылған, - деді ол.
Айта кетейік, кеше адамды қағып өлтірген полицей оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, қатесін толық мойындайтынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы