Алматыда патрульдік полиция көлігі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді

14 Маусым 2021, 10:58
2943
Бөлісу:
Алматыда патрульдік полиция көлігі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда патруль көлігі жаяу жүргіншіні қағып кетті.

Желіде қайғылы оқиғаның видеосы тарады. Алматы қалалық полиция департаменті аталған жағдайды растады.

Бүгін, 14.06.2021 жылы сағат 07.00-де Алматы қаласы Алатау ауданында жүргізуші Т. есімді азамат, полиция қызметкері «Хюндай элантра» маркалы қызметтік көлігін басқарып, Өтемісұлы көшесімен оңтүстік бағытта жүріп келе жатқан. Кенеттен маневр жасай бастаған көлікпен соқтығысуды болдырмау үшін Т. есімді азамат автокөлік жуу орнының шығыс жағына қарай шығып кетті, сол жерде жаяу жүргінші - С. есімді азаматты қағып кетті, сондай-ақ жүргізушісі көлігінен тыс жерде тұрған "Газель" автокөлігін соқты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші қайтыс болды, - делінген Алматы ПД таратқан мәліметте.

Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 345-бабы, 3-бөлімі бойынша тіркелген. Қылмыстық істі Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасы жүргізуде. Жүргізушіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.


Өзгелердің жаңалығы