«КСК»-ны алмастыратын жаңа жүйе жайында не білеміз?

28 Сәуір 2021, 12:40
4892
Бөлісу:
«КСК»-ны алмастыратын жаңа жүйе жайында не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа нысандары енгізіліп жатыр. Ал көппәтерлі тұрғын үйлерді ескі басқару нысандары (КСК - пәтер иелері кооперативі) 2022 жылдың 1 шілдесінде қызметін тоқтатады. Осы мерзім аяқталған соң заң жүзінде бұл жүйе жойылады. Енді жаңа басқару нысаны дегеніміз не, оған қалай көшуге болатыны сияқты мәселелерге шолу жасап көрелік.

 Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы заң не туралы?

2020 жылғы 7 қаңтарда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы күшіне енді.

Заң аясында негізгі мәселелерді шешуге болады. Сондай мәселелердің бірі - «бір үй-бір бірлестік-бір есепшот» принципі бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу.

Заңды іске асыру мақсатында 2 қаулы және 16 нормативтік құқықтық акті қабылданды.

Мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыруды қамтамасыз ету және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Әділет министрлігінің 2021 жылғы 26 сәуірдегі деректеріне сәйкес 2 824 жаңа басқару нысаны құрылды. Атап айтқанда 1 000 МИБ және 1 824 ЖС. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан. Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан, Жамбыл және Кызылорда облыстарында.

МИБ пен ЖС деген не?

Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа түрлері - меншік иелері бірлестігі (МИБ) мен жай серіктестік (ЖС).

МИБ - бұл бір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, кондоминиум (тұрғын үй) объектісін басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға ретіндегі коммерциялық емес ұйым.

ЖС - бұл заңды тұлға болып табылмайтын, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері жасасатын бірлескен қызмет туралы шарт негізінде әрекет ететін жай серіктестік.

 

«Бір үй–бір МИБ–бір есепшот»

Құрылған МИБ-тер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының аясында «бір үй–бір МИБ–бір есепшот» қағидасына негізделеді. Әрбір МИБ өзінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашады, тіркелген кондоминиумдардың саны артады, сервистік компанияларды дамыту үшін алғышарттар жасалады. Осылайша, ұсынылған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады.

Еске сала кетейік, ПИК (КСК – пәтер иелері кооперативі), пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың тұтыну кооперативтерінің, тұтыну кооперативтерінің қызметі 2022 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.

Әрекет ету мерзімі аяқталғаннан соң, ПИК (П), ПИТК (П), ТК акт бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің кеңесіне барлық қолда бар техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды тапсырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылады.

МИБ немесе ЖС-ті құру рәсімі Заңда және нормативтік құқықтық құжаттарда қарастырылған. Ең бастысы, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері белсенділік танытып, жиналыс ұйымдастырып, МИБ немесе ЖС құру туралы шешім қабылдауы қажет.

 

МИБ немесе ЖС қалай құрылады?

Біріншіден, жиналыс өткізуге бастамашылық жасау қажет.

Бастамашыл топ жиналыстың бастамашысы бола алады. Қатысушылардың саны пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің 10 пайызынан кем болмауы тиіс.

Бастамашыл топтың заңдылығы үшін үлгі нысанға сәйкес жиналыс шақыру туралы хабарламаны рәсімдеуі қажет.

Екіншіден, жиналыс өткізілетін күннен кемінде 10 күн бұрын көпшілікке қолжетімді орындарда алдағы жиналыс туралы хабарландыруды орналастыру қажет.

Сондай-ақ, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне жиналыс туралы жеке, сондай-ақ электрон пошта немесе ұялы байланыс арқылы хабарлау.

Үшіншіден, жиналыс өткізу.

Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері жиналысқа қатысуы қажет. Жиналыс барлық меншік иесінің кемінде 50%-ы қатысуымен (кворум) өтуі керек және шешімдер қатысушылардың басым көпшілігінің келісімімен қабылданады.

Жиналыста мынадай сұрақтар бойынша дауыс беріледі:

- МИБ немесе ЖС құру;

- меншік иелері арасынан МИБ төрағасы немесе ЖС-тің сенімді өкілін (1 жыл мерзімге) сайлау;

- меншік иелерінің қатарынан Үй кеңесіне кемінде 3 адамды (3 жыл мерзімге) сайлау;

- меншік иелерінің қатарынан тексеру комиссиясына кемінде 3 адамды немесе тексерушіні (3 жыл мерзімге) сайлау;

- МИБ жарғысын бекіту немесе үлгілік жарғы негізінде қызметті жүзеге асыру;

- ЖС құрылған жағдайда бірлескен қызмет туралы шарт жасасу.

Төртіншіден, кворум болмаған жағдайда жазбаша сауалнама жүргізу.

Жиналыста кворумды (тиісті адамдардың қатысуы) қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, жазбаша сауалнама жүргізу туралы шешім хаттамамен тіркеледі және жазбаша сауалнама жүргізу уақыты тағайындалады.

Жазбаша сауалнама парағы әрбір меншік иесіне қолма-қол немесе электрондық пошта арқылы жазбаша сауалнама жарияланған күннен бастап күнтізбелік 7 күн ішінде жіберіледі. Жазбаша сауалнама жиналыс жарияланған күннен бастап 1 айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі.

Тұрғындар үшін ең бастысы тұрғындардың дауысын дұрыс есептеу, жиналыс хаттамасын рәсімдеу және заңды тұлға ретінде тіркелу үшін ХҚКО-ға тапсырылатын құжаттардың толық пакетін рәсімдеу.

 

ХҚКО-ға қандай құжаттарды тапсыру қажет?

Бұл – бесінші қадам.

- Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысанға сәйкес өтініш;

- хаттама (дауыс беру парақтарымен);

- жарғы (немесе үлгі жарғы) - 2 данасы мемлекеттік және 2 данасы орыс тілдерінде;

- мемлекеттік баж салығы (1 АЕК).

Алтыншыдан, пәтерлердің, тұрғын емес үй–жайлардың меншік иелері басқару нысаны ретінде жай серіктестікті таңдаған жағдайда, ЖС-тің бірлескен қызметі туралы шарт жасасу қажет.

Шарт барлық меншік иелерімен жасалады және бірлескен қызметті басқару үшін ЖС-тің сенімді тұлғасына қарапайым жазбаша сенімхат (100%) беріледі.

Заңға сәйкес дауыс беруді ақпараттандыру объектілері арқылы өткізуге болады, бүгінгі таңда Қазақстан нарығында КПТҮ басқару бойынша оннан астам ақпараттандыру объектісі жұмыс істейді. Олардың кейбіреуі онлайн-режимде дауыс беруге мүмкіндік береді.

 

МИБ пен ЖС туралы толық ақпаратты қайдан алуға болады?

Айта кетейік, заң нормаларын түсіндіру мақсатында, Қазақстан Республикасының заңы және Үкіметінің қаулысымен тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы оператор - «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ. Бұл мекеме ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сондай-ақ, күнделікті негізде «ТКШ ҚазОрталығы» ЖАО, ЖЕАҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Реформа туралы халықты кеңінен хабардар ету үшін ТКШ ҚазОрталығы буклеттер, брошюралар, флаерлер, инфографика буклеттері мен бейнероликтерді әзірлеп, халық арасында тарату мақсатында оларды өңірлерге жіберді.

Қазіргі уақытта ТКШ ҚазОрталығының zhkh.kz сайты өзектендіріліп, ол жерде басқарудың жаңа нысанына көшу бойынша барлық ақпараттық материалдар орналастырылған.

Басқарудың жаңа нысандарын құру бойынша азаматтардан келіп түсетін өтініштердің үлкен ағынын ескере отырып, Телеграм бот платформасы іске қосылды, сондай-ақ сұрақтарды Suraqtar.kz.платформасына да жолдауға болады.

«Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру» бағыты шеңберінде «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында кадрларды даярлау туралы меморандум жасалды.

«ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасын әзірлеп (55 сағат), ол Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бекітілді.

Жалпы саны 394 тыңдаушы оқытылды, оның ішінде 89 тыңдаушы Гумилев атындағы ЕҰУ базасында, 305-і басқа оқу орталықтарында оқытылды. 178 КПТҮ басқарушысы сертификаттау орталығында біліктіліктерін растады.

Басқарудың жаңа нысандарын енгізу әрбір көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер, тұрғын емес үй-жайлардың иелерінің мүдделерін қорғауға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етеді.


Өзгелердің жаңалығы