Биыл биткоин бағамы $69,000 мөлшерін еңсерді. Бұл жаңа тарихи максимум, деп хабарлайды BAQ.KZ.
28 шілдеде Дональд Трамп "биткоиннің стратегиялық ұлттық резервін" құруды ұсынған болатын. Осылайша ол АҚШ-ты "биткоин супердержавасына" айналдырып, криптовалюта арқылы 35 млн доллар көлемдегі мемлекеттік борышты өтеуді ұсынған.
Алайда 3-4 тамызда криптовалюта нарығы айтарлықтай төмендеді. Мәселен биткоин 53 мың долларға дейін арзандап, тәулігіне 10%-дан астам мөлшерде құлдырады. Ал Ethereum бағасы 20%-ға төмендеп, 2200 доллардан төмендеп отырды.
Криптовалюта нарығының жалпы құны - шамамен 270 миллиард АҚШ доллары. Қазірде биткоин 1 апта ішінде азды-көпті қалпына келіп, 60 мың долларға қайта өсті. Сарапшылар биткоин бағамы 70 мың доллардан асатынын болжап отыр. Қысқа мерзімді құлдыраудан кейін мұнай баррелі де 80 долларға дейін көтерілген.
Ендеше бұның Қазақстанға ықпалы қандай болмақ? Осы сауалға жауапты Maqsut Narikbayev University жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары жауап беруге тырысты. Олар өздерінің аналитикалық материалында қазіргі кезеңдегі криптовалюталардың рөлін, сондай-ақ оларды ақша бірлігі немесе төлем құралы ретінде енгізудің артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырып көрді.
Криптовалюта мен жаһандық экономиканың өзара байланысы
АҚШ-тағы жұмыссыздықтың 4,3 пайызға дейін өскені туралы есеп шыққаннан кейін криптовалюта және бірқатар қор биржасындағы акциялар құлдырады. Себебі бұл жаңалық рецессия туралы алаңдаушылық туғызған еді.
Ең көп төмендеу Жапонияның Nikkei Average атты базалық индексінде 12,40% деңгейінде байқалды, ал бұл 1987 жылдың қазан айынан бергі ең төмен көрсеткіш болды. Оңтүстік Корейдің Kospi және тайваньдық Taiex 8%-дан астамға, ал Ыстамбұл BIST 100 7 пайызға құлдилаған.
Бұл көрсеткіш АҚШ, ЕО, Үндістан, Гонконг және Австралия индекстерінде 4,27-2,5% аралығында болды. Теңге бағамы да төмендеп, 1 доллар 479 теңгеге бағаланып, өз психологиялық межесіне жақындады.
Бұның бәрі қалай іске асады? АҚШ-тағы жұмыспен қамтудың әлсірегені туралы есеп экономикалық өсімді баяулатып, рецессияның басталуы мүмкін екендігін көрсетеді. Нәтижесінде компаниялардың кірісі төмендеп, инвесторлар активтерді сатуға мәжбүр болады.
Аймақтардағы саяси, экономикалық және қаржылық ахуал криптовалютаның құнына айтарлықтай көп әсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде азаматтар өз қаражатын сақтау үшін қауіпсіз активтерді іздеуге бейім. Экономикалық санкцияларға ұшыраған елдерде криптовалюталар осы санкцияларды айналып өту үшін қолданылатыны белгілі. Геосаяси факторлардан бөлек, ұлттық валюталардың тұрақсыздығы және гиперинфляция сияқты макроэкономикалық факторлардың да маңызды.
Сонымен қатар инвесторлар реттеушіліктің тұрақсыздығы үшін де алаңдайды, өйткені криптовалютаның заңнамасы мен реттелуі әр елде әркелкі және бұл сала әлі де дамудың бастапқы сатысында. Ал Binance, Coinbase, Ripple Labs, Bitfinex және Tether сияқты ірі платформаларда туындайтын қақтығыстар бұл алаңдаушылықты тек арттыра түседі.
Келешекте экономиканы не күтіп тұр?
Сарапшылардың айтуынша, криптовалюталардың құлдырауы ұзақ мерзімді перспективада қауіп төндірмейді. Жеткізілімдерді басқару институты (ISM) хабарлағандай, тапсырыстар мен жұмыспен қамтудың өсуіне байланысты шілде айында қызмет көрсету секторындағы белсенділік 4 жылдағы ең төменгі деңгейден кейін өз қалпына келген.
Осы мәлімдемеден кейін америкалық акциялардың шығыны аздап қысқарып, АҚШ-тағы рецессияға қатысты алаңдаушылық азайды. Оған қоса, соңғы жылдары қызу талқыланып келе жатқан дағдарыс пен рецессияның алдын алу мақсатында G7 елдерінің нарықтағы өтімділікті біртіндеп арттыратыны күтілуде.
Кейбір сарапшылардың болжамынша, осы күзде дағдарыстың әсерінен АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ставкалары төмендеуі мүмкін. Ставкалар төмендеген жағдайда банктердің арзан несие беруі оңайға түседі, ал инвесторлар инвестицияны көбейтуге және криптовалютаға көбірек инвестиция құю сияқты тәуекелдерге бел бууға бейім. Мамандар осының әсерінен күзде баға одан әрі өсуі мүмкін деп болжап отыр.
Әлемдік тәжірибе
NASDAQ мәліметінше, АҚШ федералды үкіметі соңғы жылдары тәркілеу арқылы биткоин күйінде миллиардтаған доллар жинаған. Биткоин резерві 200 мыңға, демек, 5 миллиард доллардан асатын сомаға бағаланады. Алайда бюрократиялық кідірістің салдарынан және құқықтық база дайын болмағандықтан, активтерді уақтылы пайдалануға мүмкіндік жоқ, өйткені бастапқы тәркілеуден ликвидацияға дейінгі процесс жылдар бойы жалғаса алады. Осыған қарамастан АҚШ тәркіленген криптоактивтерді сату арқылы өз резервін миллиардтаған доллармен толықтырғаны белгілі.
Биткоиндық мемлекеттік резервті құру әлемдегі ең ірі қаржы орталықтарының бірі Гонконгта да ұсынылған болатын. Германия үкіметі 2,3 млрд-тан астам сомалық биткоинді сақтауда. Ал Сальвадор биткоинді сату арқылы өз қазынасын 3 млн АҚШ доллармен толықтырғаны анықталды. Криптовалюталар мен блокчейн стартаптары үшін ең қолайлы юрисдикция Швейцарияға тиесілі деп есептеледі.
Сыни көзқарас
Дегенмен халықаралық қаржы ұйымдары сын айтып, өз ұсыныстарын жеткізуде.
Дүниежүзілік банктің айтуынша, криптовалютаның құралдары қауіпсіздік, өтімділік және кірістілік критерийлеріне сәйкес келмегендіктен крипто-активтердің орталық банктердің резервтік портфеліндегі рөлі артпай келеді.
Халықаралық валюта қорының ескертуінше, валюталық депозиттерден шетел валютасындағы “стейблкоиндерге” ауысудың салдарынан ұлттық банктердің капиталы көбіне басқа экономикалардың резервтік активтеріне көшеді. Мұндай ағын ұлттық валютаның жоғары құбылмалылығына әкеліп соғады, әрі макроэкономикалық өсімді тежеуі және инвестиция ағынын әлсіретуі мүмкін.
MIND ұсыныстары
Криптоактивтердің резервін құру - жетекші экономикалардың өзі үшін сын-қатерлі инновация. Қазақстан сияқты орта державалар криптовалютаны көптеп қолданысқа енгізсе, алдын ала болжауға келмейтін қауіп-қатерлерге тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан, бір жағынан, еліміздің неліктен криптовалюталық "сұр аймақта" тұрғаны түсінікті. Десе де, бұл уақытша жағдай болса керек.
- Криптовалютаны тиімді реттеу үшін салықтық реттеу мен АЖ/ТҚҚ (ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл) қамтамасыз ету керек. Оған қоса, жеке және қаржылық құқықтың тиісті аспектілерін қамтитын кешенді құқықтық негіз қажет.
- Көптеген түрлі акторларды тарту және көбірек қаржы құралдарын енгізу мақсатында жағдай жасай отырып, нарықтың тұрақтылығын арттыру керек.
- Криптовалюталар, цифрлық валюталар, токендер, ETF және т. б. нарықты қамтитын цифрлық активтер нарығын реттеу туралы заң қабылдануы тиіс. Мұндай заң цифрлық активтерге қатысты операцияларға арналған құқықтық базаны қалыптастыруға көмектеседі, ал бұл өз кезегінде нарық қатысушыларының сенімін арттырады және жаңа инвесторларды қызықтыра алады.
- Бұл саланың реттелуі мен қадағалануын қамтамасыз ету шарт, себебі бұл оның нарықта одан әрі дамуының маңызды алғышарты.