Қостанайда банктен 205 мың еуро жымқырған экс-банкир 7,5 жылға сотталды

10 Ақпан 2021, 03:35
1455
Бөлісу:
Қостанайда банктен 205 мың еуро жымқырған экс-банкир 7,5 жылға сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысында «Еуразиялық банк филиалының» бұрынғы басшысы Мырзабай Шалбаев 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Atameken Business.

Ол өзі басқарған банктен 205 мың еуро ұрлап, Ресейге қашқан болатын. 2019 жылы қараша айында Челябі облысынан ұсталып, елге қайтарылды. Мырзабай Шалбаев тергеу кезінде, сот процесі барысында да кінәсін толық мойындады. 30 жастағы экс-банкир құмар ойынына тәуелді болған. Ол букмекерлік кеңселердің ұтыс ойындарына клиенттердің есеп-шоттарынан алған ақшаны тіккен.

Бұл шығындардың орнын толтыра алмай, қарызға әбден белшесінен батады. Ақыры банктен ірі көлемде қаржы ұрлап, шетелге қашуды жоспарлапты. Қолға түскенде өзімен болған барлық сома тәркіленіп алынды. Еуразиялық банкке келтірілген шығын – 68 мың 500 еуроны құрап отыр. Жітіқара аудандық соты Мырзабай Шалбаевтан шығынды өтеумен қоса, дүние-мүлкін тәркілеу, қаржы және банк саласында өмір бойы қызмет істеуге тыйым салу жазасын кесті.

Жітіқара аудандық соты айыпталушының өз кінәсін толық мойындағанын және бұған дейін сотталмағанын ескере отырып, 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Банк үлесіне 41 миллион 202 мың теңге өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, - деді облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Зәуре Едікова.

Өзгелердің жаңалығы