Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай қосшылықтарға сапалы медициналық қызмет көрсететін тағы да бір орталық ашылды.
Қала әкімі Ғайдар Қасенов “Жанұя” отбасылық денсаулық орталығы филиалының салтанатты ашылуына қатысып, сәттілік тіледі.
«Жанұя» отбасылық денсаулық емханасы - Қосшы қаласында тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келеді. Бұл орталыққа 29 000 қосшылық тіркелген және олар орталықтан барлық медициналық көмекті алуда. Алайда, қала халқының саны артып отырғандықтан, емхананың екінші ғимаратын ашу қажеттілігі туындағаны сөзсіз, - деді әкім.
Бүгінгі ашылған жаңа ғимарат заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Әкімнің айтуынша, емхана күніне 350 адамға дейін қабылдап, қызмет көрсете алады.
Емханадан тұрғындар терапия, оториноларингология, гинекология, УДТ, эндоскопия және функциональдық диагностика және тағы да басқа медициналық қызмет алады. Филиалда күніне 320-350 адамға дейін қызмет көрсететін 18 учаске және күніне 30-45 шақыртуға қызмет көрсететін Жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.
Бүгінгі мерекеге орай ашылған медициналық орталық қосшылықтарға жоғары сапалы қызмет ететініне сенімдіміз, - деді ол.