Көшербаев Герольд Бельгер ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

19 Наурыз 2021, 11:41
1601
Бөлісу:
Көшербаев Герольд Бельгер ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік хатшы жазушы, аудармашы Герольд Бельгер ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарланды Ақорданың ресми сайтында.

Қырымбек Көшербаев көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы Герольд Бельгер ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Салтанатты жиын барысында Мемлекеттік хатшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халық жазушысы ескерткішінің ашылуына байланысты арнайы хатын  оқып берді.

Халқымыз «Гераға» деп құрмет тұтқан Герольд Карлович саналы ғұмырында ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты. Бала шақтан дала демократиясын бойына сіңіріп өскен қарымды қаламгер ұлт руханиятындағы өткір де өзекті мәселелерді де әрдайым бүкпесіз айтып, қоғамда талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынып отырды. Ең бастысы, жазушы Герольд Бельгер өзінің өмірі мен өнері арқылы бірлігі жарасқан біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру ісіне қалтқысыз қызмет етті, – делінген Мемлекет басшысының арнайы хатында.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы қазақ ауылында шынайы достық пен жан жылуы ортасында тәрбиеленген «Гераға» қазақ халқының тіліне, діліне, мәдениеті мен өнеріне деген шынайы қамқорлығы мен құрметін өмірінің соңына дейін сақтағанын атап өтті.

Оның шығармашылығы өскелең ұрпақты рухани нәрлендіретін өмірлік даналықтың қазынасына айналды. Бүгін біз тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыруының игілігіне арнаған қажырлы еңбегі мен асыл жүрегі үшін халқымыздың көрнекті ұлына құрмет көрсетеміз, – деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев ескерткішті әзірлеу және ашу жұмыстарын жүргізгені үшін мүсінші Нұрлан Дамбайға, меценат Нұрлан Смағұловқа және басқа да осы игі іске атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.

Сонымен қатар салтанатты рәсімге  Асылы Осман, Ахметжан Ашири, Рубен Андриасян, Юрий Аравин, Ермек Тұрсынов және өзге де мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Мемлекеттік хатшы жұмыс сапары барысында Ұлттық Ғылым академиясында болып, Білім және ғылым министрлігі өкілдерімен бірге ғылымды дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Жиыннан кейін Қырымбек Көшербаев Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» акционерлік қоғамы және Ұлттық киноны қолдау орталығының басшылығымен тарихи фильмдерді түсіру жобаларын талқылады.

Сол күні Мемлекеттік хатшы белгілі мәдениет және ғылым қайраткерлерін өздерінің өтініштері бойынша жеке қабылдады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда белгілі жазушы, әдебиеттанушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Герольд Карлович Бельгерге ескерткіш орнатылды.


Өзгелердің жаңалығы