Коррупция туралы хабарлаған азаматтар қорғалады

16 Ақпан 2022, 10:46
1993
Бөлісу:
Коррупция туралы хабарлаған азаматтар қорғалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.

Агенттік басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Келесі мәселе – коррупция фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау жүйесін жетілдіру. Бүгінгі таңда мемлекеттік қорғау тетіктері тек қылмыстық процеске қатысатын адамдарға ғана көзделген. Ал жемқорлық туралы хабарлайтын адамдар қылмыстық процеспен қамтылмауы мүмкін, - деп айтты Ахметжанов.

Сонымен бірге қорғау шарасы тек зорлық-зомбылық немесе күш қолдану қаупі болған кезде ғана қолданылады.

Мысалы, заңнамада мұндай тұлғалардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қаралмаған. Яғни жұмыс барысында қудалану тәуекелі бар. Осыған байланысты хабарлаушылардың еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын қорғау ұсынылады. Оларға қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесін алқа отырысымен қарау мүмкіндігін белгілеу (информатордың өзі келіссе) көзделіп отыр, - деп атап өтті агенттік төрағасы.

Мұндай шешім әділ және ашық болу үшін міндетті түрде отырысқа агенттіктің өкілі шақырылады.

Одан бөлек, коррупция туралы хабарлаған адам жөніндегі мәліметті құпия ретінде сақталады. Ал оны жария еткен үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыру ұсынылып отыр.

Бұл шаралар әшкерелеуші адамның құқықтарын қорғауға кепілдік береді. Коррупцияға немқұрайлықты азайтады. Халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы саясатты оң бағалауға әсерін тигізеді, - дейді Антикор басшысы Мәжілістің жалпы отырысында.

Өзгелердің жаңалығы