Коронавирустық инфекцияны шетелден алып келу қаупі әлі де басым

17 Наурыз 2021, 17:06
1423
Бөлісу:
Коронавирустық инфекцияны шетелден алып келу қаупі әлі де басым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында елдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов айтты. 

Мемлекеттік шекарада 14 елмен әуе қатынасы жаңартылды, рейстер саны аптасына 95 рейске дейін ұлғайды, сырттан келетін жолаушылардың ең көп саны Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі. Коронавирустық инфекцияны шетелден алып келу қаупі әлі де сақталуда. 2020 жылғы 6 қазаннан бастап халықаралық әуерейстермен 322 600-ден астам жолаушы келді, олардың 44 805-і немесе 14%-ы тестіленді, 239 адамнан оң нәтиже анықталды, - деді ол.

Сондай-ақ, автомобиль өткізу пункттері арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын 835 мыңнан астам адам кесіп өткен, олардың 20%-ы (161 313) тестілеуден өтті, 809 адамда оң нәтиже анықталды (олардың 739-ы РФ-дан, 49-ы Қырғызстаннан, 21-і Өзбекстаннан).

Қазақстан Республикасында коронавирус айналымы бойынша эпидемиологиялық мониторинг жүргізілуде. Қыркүйек пен қаңтар айлары аралығында жүргізілген геномдық зерттеулердің нәтижелері бойынша ел аумағында коронавирустың («Британдық», «Оңтүстікафрика», «Бразилиялық») жаңа штамдары анықталған жоқ, - деді Қиясов.

Бұған дейін бас санитар соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда науқастар саны 12%-ға өскені байқалғанын айтқан болатын.


Өзгелердің жаңалығы