Коронавирустың күтпеген қыры

18 Сәуір 2020, 23:49
9852
Бөлісу:
Коронавирустың күтпеген қыры

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеке қорғану құралдарын жою экологиялық проблема тудырып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы мәлімдеді.

СOVID-19 пандемиясы кезінде бір рет қолданылатын маскалар мен қолғаптарды пайдалану миллиондаған адамдар өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Медициналық маскалар, қорғану костюмдері мен қолғаптар бүкіл әлемде күнделікті қолданылатын затқа айналды. Алайда, оларды жою күнделікті тұрмыста қарастырылмаған. Маскалар мен қолғаптар арнайы қарастырылған жерлерге тасталмаса, екі есе қауіп төндіреді деп есептейді мамандар. Бұл тұрмыстық қоқыстарды шығару және кәдеге жаратумен айналысатын коммуналдық қызмет жұмыскерлері үшін қауіпті. Вирус қолданылған маскалардың, қолғаптардың және басқа да қорғаныс құралдарының бетінде сақталуы мүмкін - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, жеке қорғану құралдары, әдетте, биологиялық ыдырайтын материалдан жасалмайды. Әсіресе, резеңкеден жасалған қолғаптар далаға тасталса, олар қоршаған ортаны ластайды. 
Қазақстан қалаларында пайдаланылған қорғану құралдарын жинау пункттері ұйымдастырылған. Қазақстандықтарға айтар өтініш — қолданылған маскаларды, қолғаптарды қоғамдық аумақта тастамаңыздар, оларды арнайы қоқыс жәшігіне тастаңыздар. Өз қауіпсіздігімізді, денсаулығымызды сақтайық, жақындарымыз бен айналамыздағы адамдарға қамқорлық танытайық!

Өзгелердің жаңалығы