Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласындағы Жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы күйіп қалған, терісінде тыртық қалған адамдарды емдейтін аурухана ретінде белгілі. Орталық дәрігерлері коронавирус пандемиясында шет қалмай, індетпен талмай-тынбай күресіп, адамдарды аман алуға барын салды. Есімі елге белгілі маман, осы орталықтың бас дәрігері Мәдина Ермаханбетовамен әңгімелесіп, аурухана жұмысы туралы білдік.
Тілші: Сіз басқаратын орталық нақты қандай қызмет көрсетеді?
Дәрігер: О.Орынбаев атындағы Жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы – еліміздегі ерекше ұжымдардың бірі. Шымкент қаласының тұрғындарына ғана емес, Түркістан облысы жұртшылығына да қызмет көрсетеді. Біз тәулік бойына аудандарға шақыртуға шығып жатамыз. Ауыр жағдайдағы науқастар болса, орталыққа жеткізіп, не сол жердегі еміне коррекция жасап, бақылап дәрігерлермен бірге жұмыс істейміз. Бізде шұғыл түрде түскен науқастар ғана емес, жоспарлы түрде келген науқастар да жатады. Күйіктің ауыр жарақатынан қалған тыртықтан кейін косметикалық ота жасайтын кезде жоспарлы түрде емханалар порталға қойылып жатады. Біз портал арқылы науқастарды қабылдап, жедел емін жасаймыз.
Тілші: Жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығында коронавирус жұқтырған адамдар да емделіп жатқан шығар...
Дәрігер: Былтыр мамыр айында провизорлық орталық боп ашылғанбыз. 323 науқасты емдеп шығардық. Өкінішке қарай, 13 адам қайтыс болды. Биыл 6 сәуірде инфекциялық стационар боп қайта ашылдық. Сәуірде 150 науқасты емдедік. Қазір де көптеген науқас емделіп жатыр. Бізде 70 төсек-орын бар. Күнделікті ауыр жағдайдағы адамдарды көргенде дабыл қақтық. Жұртшылық санитарлық талаптарды қатаң сақтауы керек. Мұны үнемі айтып келеміз. Қазір де біздің инфекциялық орталыққа өте ауыр жағдайдағы науқастар түсіп жатыр. Көбі той-жиында болған, өз бетінше үйде емделіп, асқындырып алған адамдар. Бұл індеттен сақтанудың жалғыз жолы – вакцина алу. Мұны да насихаттап жатырмыз. Осы тұста тарихқа шегініп, бір мысал айта кетейін. 1960 жылдың басында әйгілі суретшіміз Үндістанға барып, сол жақтан шешек ауруын алып келген. Сол кездегі медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің арқасында дер кезінде барлық жер жабылып, екі аптаның ішінде вакцина алмаған адам қалмаған. Осындай еңбектің арқасынд «ешқашан тоқтамы болмайды» деген қара шешек індеті тоқтаған болатын. Бұл сол кездегі КСРО медицинасындағы ең үлкен жеңіс пен жетістік болды. Сол сияқты қазіргі індеттің таралуын тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина жасату. Қаншама ғалым жұмыс істеді. Қанша рет сынақтан өтті. Сондықтан да бәрін вакцина алуға шақырамын.
Тілші: Сіздің орталықта қандай оталар тегін?
Дәрігер: Бізде барлық ота тегін. Күйікті емдейміз, күйіктен қалған тыртықты емдейміз. Мәселен, жол көлік апаттарынан кейін адамдардың терісі тартылып қалады. Бұл адамның қимыл қозғаласын тежейді. Сол кезде бұлшық етті ары қарай созатын оталардың барлығы бізде тегін өтеді. Жоспарлы болса да портал арқылы келсе де тегін жүргізіледі.
Тілші: Сұлулана түсу үшін косметикалық ота жасатып, сәтсіз аяқталып, бетіне тыртық түсіріп алатын адамдар болады. Сондай жағдайда қалпына келтіру үшін ота жасала ма?
Дәрігер: Мұны маман ғана шешеді. Алдымен қарауымыз керек. Егер жөндеуге келетін, онда біз істейтін операция болса онда, яғни бетінде тыртық қалса, жасаймыз. Ол кісі бізге келуі керек. Егер жасай алатын болсақ, емханасына порталға қою жағын түсіндіреміз. Ал теріні созу сияқты косметикалық ота жасамаймыз.
Тілші: Сіздерде химиялық заттардан уланған балалар да да емделеді екен. Ата-аналарға айтар кеңесіңіз қандай?
Дәрігер: Ата-аналар түрлі химиялық сұйықтарды бөтелкеге құйып, балалардың қолы жететін жерге қоя салады. Ыдыс-аяқ жууға арналған химиялық заттарды, киім жуатын ақ ұнтақтарды балалардың қолы жететін жерге қоймау керек. Өсімдіктерді өлтіретін сұйықтықтарды да бөтелкеге құйып, кез келген жерге қоя салып жатады. Балалар мұны білмейді де ішіп, жеп қояды. Содан уланып, өте көп бала ауруханамызға түседі. Осындай жағдайларды ата-аналар қадағаласа екен. Егер бала химиялық заттарды тым көп ішіп-жеп қойса, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы да мүмкін. Абай болса екен.
Тілші: Барокамераға кімдер түседі, кімдерге болмайды?
Дәрігер: Кез келген жастағы адамдар барокамераға түсуіне болады. Бұл камераға түсу ақылы. Егер шұғыл түрде токсикология бөлімшесіне немесе күйік бөлімшесіне түссе, онда тегін. Сондай кезде хаттамаға қарай емдейміз. Сырттан келетін адамдар, емханамен жолдама арқылы келген кісілерге баға белгіленген. Барокамераға көмірқышқыл газбен уланса, тіпті емізулі баланы да анасымен бірге түсіреміз. Барокамераға тек онкологиялық диагнозы бар адамдар ғана түсе алмайды. Басқа адамның бәрі түсуіне болады. Жас талғамайды.
Тілші: Орталықта маман жеткілікті ме?
Дәрігер: Негізі токсикологтар ел бойынша саусақпен санарлық. Басқа ауруханада терапевттер болып жатады. Ал бізде арнайы оқуынан өткен білікті 6 токсикологымыз бар. Бұл – бізге үлкен қуаныш. Әрине, токсиколог боп жұмыс істеу өте қиын, өйткені бізге келетін науқастар өмірге өкпелі, күйзеліске түскен, ішімдікке салынған, тіпті өз өмірін қиюға дейін баратын адамдар. Міне, мұндай адамдармен жұмыс істеу дәрігердің психологиясына оңай емес. Сондықтан да мұндай мамандар саусақпен санарлық. Адам таңдауы қиын. Бізде жоғары білімді комбустиолог дәрігерлеріміз де бар. Олар ауыр жағдайда барлық отаны жасай алады. Жақында ғана Қызылорда қаласының денесінің 92 пайызы күйген азаматын түн ішінде Шымкентке жеткізіп, отаға кірді. Ол кісіні аман-есен алып шықтық. Қазір жағдайы жақсы. Бұл – мамандарымыздың біліктілігінің арқасы.
Тілші: Өз-өзіне қол жұмсап, аураханаға түсетін адамдар көп пе? Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
Дәрігер: Иә, өте көп. Көбіне жасөспірімдер, алғашқы махаббаттың сәтсіздігінен осындай жағдайға барады. Тағы бір айтарым – қазіргі жастар ата-ананың ұрысқанын қабылдай алмайды. Әке-шешесінің бір ауыз қатты сөзіне жасөспірім балалар осындай жағдайға барады. Ең қорқыныштысы – мұндай жағдайды бір бала бірнеше рет қайталайтын кездер де болады. Бір емес, бірнеше рет суицид жасайды. Мұндай жағдайда ол адамды наркологиялық орталыққа жібереміз. Сол жаққа есепке алынады. Ал үлкендер арасында басындағы несиесін өтей алмай, қарызға кіріп кеткен орта жастағы адамдар көп кездеседі. Бізде сондай науқастармен жұмыс істейтін психологтарымыз да бар. Олардың штат санын көбейтіп жатырмыз. Емдеуден бөлек психологиялық тұрғыда да көмек керек. Дәрігерлеріміздің еңбегінің нәтижесінде денсаулығы да жүйкесі де жақсарып шығатын науқастырымыз да бар. Енді мұндай жағдай кездеспей-ақ қойса дейміз. Өмір бәрінен де қымбат. Адамдар соны түсінсе екен.
Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!