Коронавирус. Ресейде қайтыс болғандардың саны артқан

10 Шілде 2021, 20:38
7143
Бөлісу:
Коронавирус. Ресейде қайтыс болғандардың саны артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейде биыл маусым айында жалпы өлім көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 14 пайызға жуық көбейген. Бұл туралы Ресей премьер-министрінің орынбасары Татьяна Голикова хабарлады. 

Ол өлім көрсеткішінің күрт өсуін елде коронавирустың "дельта" деп аталатын жаңа штамының таралуымен байланыстырған.

Азаттықтың ақпаратына қарағанда, өлім көрсеткішінің толық мәліметі келтірілмеген. Ал былтыр маусымда 163 мыңға жуық адам бақилық болғанын ескерсек, биыл шамамен 185 мыңнан астам адам қайтыс болған деген қорытынды жасауға болады.

Биыл маусым айының аяғынан бері Ресейде күн сайын 20-25 мың адамның анализ қорытындысынан коронавирус анықталып жүр. Ал кейінгі кезде Covid-19 кесірінен бір күн ішінде тіркелетін өлім саны 700-ден асып, рекордтық деңгейге жетті. Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин Ресей астанасында коронавируспен ауырғандардың 90 пайызына "дельта" штамы жұққаны анықталғанын айтқан.

Ресейде індеттің үшінші толқыны қарқын алып жатқан кезде елдің ондаған аймағында халыққа вакцина алуды міндеттейтін ереже енгізіліп жатыр. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, вакцина алуға ықылас білдірген Ресей азаматтарының саны 30 пайыздан аспайды. Жұрттың көбі вакцинация процесіне, үкімет пен отандық вакцинаға сенбейді. Қазірге дейін Ресейде коронавирусқа қарсы вакцинаның бір дозасын алғандар саны халықтың он пайызынан сәл ғана асады.

Өзгелердің жаңалығы