Коронавирус әлі тағы да әбігерге салады – министр

13 Маусым 2020, 15:39
1881
Бөлісу:
Коронавирус әлі тағы да әбігерге салады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық, деп facebook-тегі парақшасындағы "жеке карантин" жайлы жазбасында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жазды. 

 Коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық. Сондықтан, бұл шараларға мән беріп, мұқият қарауға мәжбүрміз. Алдағы уақытта жағдайы ауыр науқастар саны артуы мүмкін. Алайда, біз жедел жәрдемге кезек күткен пациенттер мен адам өмірін құтқарып үлгере алмай жатқан дәрігерлерді көргіміз келмейді. Қазір оқушылар мен студенттер демалыста. Өкінішке қарай, кез келген бала, шәкірт немесе студент инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін. Олар достарымен кездесемін деп жүріп, індетті жұқтырып алса, үйдегі егде жастағы ата-ана, жасы үлкен туыстарына үлкен қауіп төндіреді. Оның зардабы да ауыр болмақ, - деді ол. 

Министр 5 маусымда ДДСҰ халықтың түрлі топтарына арналған маскаға қатысты жаңа ұсыным жасағанын айтты.

 COVID-19 таралуының алдын алу үшін міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты (кем дегенде 1 метр) сақтау керек. Медицина қызметкерлеріне, респираторлық ауру симптомдары бар адамдарға, халықтың осал тобына кіретін адамдарға, сондай-ақ 1 метр арақашықтықты сақтауға мүмкіндік болмаған кезде маска кию ұсынылады. Сонымен қатар, ДДСҰ COVID-19 жеңіл симптомдары бар адамдарға медициналық маска киюге (және медициналық көмекке жүгіну) кеңес береді. ДДСҰ пандемия жоқ деп мәлімдеді деген пікір қате, әңгіме симптомсыз пациенттер COVID-19 аз жұқтыратыны және жалпы оның басқа адамдарға берілмейтіндігі туралы. Бұл тұрғыда, масканы тек індеттің симптомдары байқалған адамдарға, қосымша аурулары бар қарттарға және 1 метр арақашықтықты сақтау мүмкін болмаған кезде ғана киюге кеңес береді. Барлығының маска киюі міндетті емес, - деді Елжан Біртанов. 

Министр "жеке карантин" ережелеріне немқұрайлы қарамауға шақырды. 

Сонымен, Сіз "жеке карантин" ережелеріне немқұрайлы қарамай, жауапкершілік танытсаңыз, отбасыңыздың, туыс, достарыңыз бен әріптестеріңіздің, қала мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз. Біз бірге күрессек қана бұрынғы өмір сүру салтымызға, жұмысқа тезірек ораламыз, туған-туыс, жақындарымызбен қауышып, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік туады, қайта саяхатқа шығамыз. Ол үшін әрқайсыңыздан "жеке карантин" талаптарын қатаң сақтауды сұраймын. Өз басыңыздың және жақындарыңыздың амандығы үшін жеке қауіпсіздікке аса мән беріңіз. Ауырмаңыздар, - деп жазды министр.
Өзгелердің жаңалығы