Коронавирус: Күзде індет белгілері өзгеруі мүмкін бе?

22 Тамыз 2020, 16:40
2789
Бөлісу:
Коронавирус: Күзде індет белгілері өзгеруі мүмкін бе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сауалға бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған «Астана медицина университеті» КеАҚ Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының доценті Баян Тұрдалина жауап берді.

Коронавирустық инфекцияның дамуында бірнеше факторды ескеру керек. Оның ең бастысы – иммунитет. Содан кейінгі фактор – вирустық жүктеме, яғни, әрбір адамның ағзасына вирус қаншалықты көлемде енгені. Вирусологтардың бұл көлемді санауда арнайы реті бар. Мысал ретінде айтайын: егер бұл көлем 10 000-нан жоғары болса, онда ол вирустың адам ағзасында ауру тудыра алатындай қауқары бар деген сөз. Ал, әрбір адам белгіленген санитарлық нормаларды барынша сақтап жүрсе, бұл вирустық жүктемені мейлінше азайтады. Вирустық жүктеме көбіне, адам көп шоғырланатын жерлерде, той-томалақтарда жоғары болады, - дейді ол.

Баян Тұрдалина коронавирустың күзгі маусымдағы белгілері "өзгеруі мүмкін" деген ақпаратқа қатысты пікірін білдірді. 

Мұны нақты айту қиын. Себебі, вируленттілік қасиет әр вирусқа тән. Әр ағзаға түскенде өзіндік реакциясы болады. Вируленттілік өзгеруі мүмкін, яғни, ауру тудыру әсері төмендеуі немесе жоғарылауы мүмкін. Қазір кейбір мәліметке қарағанда, вируленттілік төмендеп келеді. Бұл вирустың штаммына байланысты, - деді ол.

Маман вирусқа қатысты шектен тыс үрейге беріліп, дорба-дорба дәрі алып қамданып, қатты уайымдаған сайын аурудың үстіне ауру қосып алуы мүмкін екенін айтты.

Медицинада психосоматика деген бар. Яғни, адамның психикалық жағдайы мен соматикалық аурулардың байланысы. Мысалы, қандай да  психикалық ауытқулар стреспен байланысты болуы мүмкін. Медицинада тағы бір дүние бар. Ол – нейроэндокриндік жүйе. Эндокриндік жүйе адамның ішкі күйзелісі, сезіміне жауап беретін жүйелер тобы. Ол жүйке жүйесімен өте тығыз байланысты. Әрине, мұндай адамдардың иммунитеті төмен болады. Өйткені адам ауру туралы неғұрлым көп ойланса, стрестік гармондар бөлінеді. Ал бұл өз кезегінде иммунитетті төмендетеді, - деді ол.

Айта кету керек, бұған дейін маман «күз айларында коронавирус көбіне балаларға әсер етуі мүмкін» деген ақпараттың қаншалықты рас екеніне тоқталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы