Коронавирус. Елордалықтар мен алматылықтар тестілеуден тегін өте алады

12 Сәуір 2020, 22:47
1445
Бөлісу:
Коронавирус. Елордалықтар мен алматылықтар тестілеуден тегін өте алады

Нұ-Сұлтан, BAQ.KZ. 13 сәуірден бастап коронавирусты анықтайтын тегін экспресс-тестілеуден Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтуге болады. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.

Тест тапсыру үшін пациент www.cdl.kz сайтында сауалнама толтыруы керек. Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары адамдардың эпидемиологиялық көрсеткіштері негізінде іріктейді. Бекітілген тізімдер "Олимп" КДЗ-ға жіберіледі. Бекітілген тізімдегі пациентке байланыс орталығының операторы хабарласып, қай жерге, қай уақытта келуі керектігін айтып, келушілерге қойылатын талаптар мен анализ тапсыру ережелерін түсіндіреді. Оператор нұсқаған процедуралық кабинетке маска киіп, жеке куәлікті алып, кешікпей келу керек. Кезекте тұрған адамдар бір-бірінен 1,5-2 метр қашықтықта болуы тиіс. Процедуралық кабинетте тіркеледі, кейін коронавирусқа экспресс-тест алынады. Анализ қорытындысы сауалнамада көрсетілген поштаға жолданады - делінген хабарламада.

Сонымен қатар шұғыл штап азаматтарды пациенттің температурасы байланыссыз өлшеу құралымен жүргізілетінін, дене қызуы көтеріліп тұрған адамнан анализ алынбайтынын ескертеді.

Оператордың қоңырауынсыз, өздігімен процедуралық кабинетке келуге болмайды. Экспресс-тестілеу арнайы процедуралық кабинеттерде өткізіледі, ол жерде басқа анализдер алынбайды. Бұл шаралар келушілердің де, қызметкерлердің де денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған - делінген шұғыл штап таратқан ақпаратта.
Өзгелердің жаңалығы