Коронавирус: Былтыр Қазақстанда қанша адам қайтыс болғаны белгілі болды

19 Мамыр 2021, 17:06
2730
Бөлісу:
Коронавирус: Былтыр Қазақстанда қанша адам қайтыс болғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният былтыр КВИ-ден қанша адамның қайтыс болғаны туралы нақты ақпаратты айтты.

Вице-министр брифинг кезінде өткен жылы коронавирустан қайтыс болғандардың нақты санына қатысты туындап жүрген сұраққа тоқталды.

Мемлекет басшысының медициналық статистиканың ашықтығы мен сенімділігіне қатысты тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі тиісті жұмыстарды жүргізді. Тапсырмаға сәйкес іс-шаралардың жоспар құрып, былтыр қарашадан бастап еліміздегі алдыңғы қатардағы мамандарымен бірлесіп жұмыс істедік, ақпараттық жүйені талдадық, - деп айтты Ажар Ғиният.

Сонымен бірге оның сөзінше, медициналық ұйымдарда есепке алу және барлық өлім жағдайы бойынша жұмыс жасалған.

Осы жылдың наурыз айының соңына дейін өңірлерден ұсынылған жылдық есептердің қорытындылары бойынша Ұлттық статистика бюросы азаматтық актілерін кеш тіркеудің барлық жағдайы ескерілді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросы статистикалық деректерді салыстырды. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінде өлім жағдайы бойынша барлық дерек тіркелмейтінін ескердік. Өйткені жеке медициналық ұйымдар, ведомстволық медициналық ұйымдар үшін ақпараттық жүйелер қолжетімді емес. Сондықтан Бюроға және Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізілген қағаз түріндегі ақпараттар салыстырылды, талданды, - деп түсіндірді ДСМ өкілі.

Ол былтыр КВИ-ден қайтыс болғандардын нақты саны туралы айтты.

Былтыр коронавирустан қайтыс болғандардың нақты саны 4 729 адамды құрады. Оның ішінде коронавирус инфекциясы анықталған 1783 адам, ал анықталмаған 2946 адам, - деді вице-министр.

Ғиният бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында коронавирус инфекциясы бойынша ауру мен өлім туралы соңғы мәліметтер жарияланғанын айтты. 

Былтыр біз таратылған ақпараттар жедел екенін бірнеше рет айттық. Олар штабтың жұмысына шешім қабылдау және елдегі індетпен күресу үшін қажет болды. Соңғы 4 айдағы деректер де жедел шықты. Олар тоқсан сайын Ұлттық статистика бюросымен салыстырылатын болады, - деп түсіндірді ол.

Енді егер бұрын туыстары медициналық ұйымдардан қайтыс болу туралы анықтамамен АХАЖ органдарына барып, осы деректерді тіркесе және қайтыс болу туралы куәлік алса, бүгінгі күні уәкілетті мемлекеттік органдар бұл деректерді тікелей алып, тіркеуді жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы