Қорғаныс саласына көңілім толмайды – әскери сарапшы

31 Тамыз 2021, 16:49
10545
Бөлісу:
Қорғаныс саласына көңілім толмайды – әскери сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасына сұқбат берген запастағы полковник, ардагер ұшқыш, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс қастандық жасалу салдарынан болуы мүмкін деп есептейді. 

Оның айтуынша, істі жылы жауып қоймай, ықтимал нұсқаның барлығын жан-жақты тексеріп, анықтау керек.

Себеп болуы мүмкін нұсқаның барлығын тергеп, талдау жүргізу қажет. Тамырын табу арқылы бәрін анықтауға болады деп ойлаймын. Мән-жайды айқындайтын арнайы қызметтер бар. Орын алған оқиға оларға да жақсы атақ әкелген жоқ, - деді әскери сарапшы.

Апатқа күннің аптап ыстықтығының әсер етуі мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Ауа райының әсер етуі әбден мүмкін. Бірақ ол қауіпті жағдай тудырмас үшін қойманың ішінде салқындатқыш, ылғалдылықты реттеп тұратын арнайы техникалар бар. Егер техникаларда бір олқылық болып, оны дер кезінде жөндемесе, салғырттықтың осындай қайғылы жағдайға ұласуы әбден мүмкін, - деп атап өтті запастағы полковник.

Сондай-ақ Ермек Сейітбатталов тергеу жұмыстарын жан-жақты зерттеп, сараптама жүргізу қажет деп отыр. Оқиғаны анықтау үшін құрылған комиссияға қатысты да өз пікірін ортаға салды.

Комиссия дегенде, олардың бәрін жинап алып, білімін сұрасаңыз қарнымыз ашады. Қорғаныс саласында «әттеген-ай» дегізетін тұстар өте көп. Әскери қызметті білімді мамандар басқаруы керек. Олар қарамағындағыларды үйретіп, қатаң талап қоюы тиіс. Сосын әскердегі тамыр-таныстықты да доғару қажет, - деді әскери сарапшы.

Бұған дейін запастағы полковник тергеу әділ жүргізілсе, жарылыстың себептерін анықтауға болатындығын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы