Қорғаныс министрлігі Шөкеевті марапаттады

6 Қаңтар 2021, 22:22
2914
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігі Шөкеевті марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жастардың бастамаларын жан-жақты қолдағаны және өскелең ұрпақты әскери-патриоттық іс-шараларға қатысуға кеңінен тартқаны үшін Түркістан облысының басшылығына Қорғаныс министрінен алғыс хат табыс етілді.

Әскери-патриоттық клубтарда оқып шыңдалған жастар кейіннен әскерге шақырылғанда немесе әскери оқу орындарына түскенде әскери ғылымдардың қыр-сырын меңгеруде анағұрлым жоғары дәреже көрсетеді және әскери қызмет жағдайларына оңай бейімделеді. Қорғаныс министрлігінің басшылығы өңірде жүргізіліп жатқан әскери-патриоттық жұмысты жоғары бағалауда, – деп Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев Қорғаныс министрінің өңір басшысына алғыс хатты табыстау барысында атап өтті.

Айта кетсек, 2020 жылы «Барыс» әскери-патриоттық клубы алғаш рет онлайн режимде өткен VI Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында Түркістан облысының намысын сәтті қорғады. Өткен конкурстың қорытындысы бойынша облыстың жас патриоттары облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жалпы білім беру мекемелері командалары арасында екінші орынды иеленді.

Сондай-ақ, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының Қазақстан халқына әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту жөніндегі Жолдауын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында 2019 жылдың қараша айында Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыстық әкімдіктің адами әлеуетті дамыту басқармасы және «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының басшылары арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылған болатын.

Аталған құжаттың мақсаты өңірдегі жастар ұйымдарын дамыту, одан әрі бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери-патриоттық іс-шараларға қатысуға кеңінен тарту болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы