Кореялық «Big ocean entertainment» Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі

26 Мамыр 2022, 22:07
1763
Бөлісу:
Кореялық «Big ocean entertainment» Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров «Big ocean entertainment» корей компаниясының басқарма төрағасы Хванг Донг Соппен кездесті.

«Big ocean entertainment» – түрлі сериалдар, фильмдер мен музыкалық контент және ойын-сауық шоуларын өндіретін ірі компания.

Кездесу барысында министр ведомствоның қызметімен қысқаша таныстырып өтіп, биыл Қазақстан мен Корея дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.

Қазақстанда анимация саласы, атап айтқанда, балаларға арналған анимациялық мультфильмдер өндірісі дамып келеді. Осыған байланысты, корей тарапына қазақстандық тәжірибені зерделеу; анимациялық контент пен сериалдар өндірісі барысында өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыру; және де сала мамандарының біліктілігін арттыруға және Балаларға арналған анимациялық мектепте шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға қатысу ұсынылды.

Сондай-ақ аталмыш кездесуге ҚР Президенті Телерадиокешенінің креативті директоры Нұрлан Қоянбаев та қатысты. Ол екіжақты кездесуді ұйымдастырған ведомствоға өз алғысын білдіріп, корей тарапымен бірлескен ТВ жобаларды іске асырудың маңызын атап өтті.

Өз кезегінде, Хванг Донг Соп «Big ocean entertainment» компаниясының Қазақстан аумағында оңтүстік кореялық танымал дорамалардың біріне  ремейк түсіруге және Қазақстанда жастарға арналған сериалдарды бірлесіп түсіруге деген қызығушылығын атап өтті.

Осы орайда, министр Асқар Умаров Корея Республикасының креативті экономиканы дамытудағы тәжірибесін алуға және осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтудағы ниетін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді қарым-қатынас орнатпаққа пейіл білдірді.

Өзгелердің жаңалығы