Кореяда қазақстандық кино фестивалі ашылды

Кореяда қазақстандық кино фестивалі ашылды
631

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Корея Республикасының оңтүстік астанасында қазақстандық кино фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараға Қазақстан Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, сондай-ақ Пусан қаласы мэриясы, дипломатиялық корпус, іскерлік топтар, қоғамдық пен БАҚ өкілдері, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Елші жыл сайын Азияның ең танымал халықаралық кинофестивалі өткізілетін қалада қазақстандық кино фестивалінің алғаш рет ашылуының ерекше мәні бар екенін атап өтті.

Кинофестивальдің бірінші күні Пусан киноакадемиясының түлегі Айжан Қасымбектің «От» фильмі көрсетілді. Бұл фильмнің әлемдік премьерасы Халықаралық кинофестиваль аясында Пусан қаласында өтті. А.Қасымбек корей көрермендеріне оның жұмысына деген қызығушылығы мен жылы лебіздері үшін ризашылығын білдірді.

Қазақстандық кино фестивалі екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай және Мәдени алмасу жылы аясында өткізіліп отыр. Кинофестивальде әр жылдары Пусан халықаралық кинофестиваліне қатысқан 8 қазақстандық фильм ұсынылды.


Фото: дереккөз