Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік Корея алдағы жылы Абай шығармашылығын зерттеуге ден қоймақ. Қазақ ақынының туындыларын осы елдің Еуразия түркология зерттеулер институты корей тіліне аударады.
"Хабар 24" арнасының хабарлауына қарағанда, зерттеу ұйымы үш жыл бұрын Дондок университетінің жанынан ашылған. Осында түрік және Әзербайжан жазушыларының шығармалары аударылыпты. Институт директоры О Ын Гённің айтуынша, Корея келесі жылы Абайға арналған әдеби симпозиум өткізеді.
Абай шығармалары кәрістер үшін түсінікті болады деп ойлаймын, өйткені Корея да қиын отарлау кезеңін басынан өткерді. Еліміз ұлттық рух сезімімен, халықтық қозғалыспен, рухани мәдениетін сақтауға бағытталған әрекеттермен таныс. Бұл Абай шығармаларында жазылған. Қазақ ақыны мен ағартушысының шығармалары қазақтар мен кәрістерді рухани біріктірудің құнды көпірі болады деп ойлаймын. Шығармаларды аудару оңай шаруа емес, бірақ кітап шығару одан да қиын. Егер қазақстандық қорлар бізге қолдау көрсетсе, онда міндетіміз жеңіл болар еді, - дейді Еуразия түркітану зерттеулері институтының директоры О Ын Гён.