Көпірден лақтырылған сарбаз: «Өлтір, көзін құрт!» деп ұрандап жүргендерден бəрін күтуге болар еді

22 Ақпан 2022, 15:12
3036
Бөлісу:
Көпірден лақтырылған сарбаз: «Өлтір, көзін құрт!» деп ұрандап жүргендерден бəрін күтуге болар еді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз үшін дүрбелеңмен басталған жылдың басы халқымызға ауыр тиді. Мемлекет тәуелсіздігінің тұрақтылығына қауіп төндірген бұл оқиға кезінде Президентіміз елімізде төтенше жағдай жариялауға дейін барды. Ел басына күн туғанда ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ішкі істердің күштік құрылымдарымен бірге құқықтық тәртіп әскері – Ұлттық ұланның жауынгерлері екені айдан анық. «Батыр майданда шынығады, болат қайнауда шынығады» деген халық мақалы бекер айтылмаса керек.  

Бұл ретте 5546 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон  жеке құрамының сарбаздары да Атырау қаласындағы жаппай тәртіпсіздікті басу кезінде жауынгерлік қызметтік тапсырмаларды тік тұрып орындаған. Бүлікшілермен  қақтығыста офицерлер, сержанттармен қатар сарбаздар да қарсы тұрды. 

Осынау тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер ұрып-соғып, орталық көпірден лақтырып  жіберген  қатардағы жауынгер Дəурен Ешимов туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтқан болатын

Оқыс оқиғаның анық-қанығына көз жеткізу мақсатында сарбаз Дəурен Ешимов жайында жазуды жөн көрдік.

«Отанды сүю - міндетің, Отанды қорғау – парызың»

Алдымен 5546 әскери  бөлім командирі подполковник Манат Наукеевті əңгімеге тарттық.Ол 5 қаңтар күні облыс əкімдігі ғимараты маңындағы митингке қоғамдық тəртіпті сақтау мақсатында облыстық полиция департаментімен бірге əскери бөлімнің резервін бастап барған.

Көпірден лақтырылған сарбаз: «Өлтір, көзін құрт!» деп ұрандап жүргендерден бəрін күтуге болар еді

Əкімдік ғимараты аумағында 3 мыңның шамасында халық болды. Ал сарбаздың саны – 150. Бізді көре сала шерушілер тиісе бастады. Бəрінің айтатыны бір сөз: «Халыққа қарсы шықпаңдар, пагондарыңды жұлып, əскери киімдеріңді шешіп, біздің жағымызға өтіңдер». Анығында, біз халыққа қарсы қол көтеріп немесе қару жұмсау үшін келгеніміз жоқ. Тіпті қолымызда қару да болмаған еді. Мақсатымыз – алаңда тəртіпсіздікті болдырмау, яғни сол халыққа қызмет көрсету. Бірақ, ашулы шерушілердің ішінен оны ұққандар өте аз болатын. Біз өз жұмысымызды жасап, сап құрып тұрып алдық. Біраздан соң адамдар əр тұстан бізге қарай тас жаудыра бастады, - деді Наукеев. 

Оның айтуынша, қару болмаса да, қолда арнайы құралдар болған. 

Өзімізді қорғау үшін оларды қолдануға тура келді. Дегенмен, көптің аты – көп қой, сап бұзылып, сарбаздар ыдырай бастағанда əскерлеріміздің əрқайсысына оншақты адамнан жабылып, оларды соққыға жыға бастады. Арашалап, сарбаздарға тиіспеулерін сұрап, сабырға шақырып, басу айтқанымызбен, ызаға булыққан көпшілік көнер емес.Оның үстіне көбінен ішімдіктің иісі шығып тұрды, тіпті есірткі қолданғандары да бар секілді. Сол жерден 28 сарбазым жарақат алды, – дейді бөлім  командирі. 

«Жаныма батқаны – қандасымның ұрғаны» 

 Қатардағы жауынгер Дəурен Ешимовтың айтуынша, бүлікшілердің дені 20 мен 30 жас аралығындағы жігіттер.

Көпірден лақтырылған сарбаз: «Өлтір, көзін құрт!» деп ұрандап жүргендерден бəрін күтуге болар еді

Бас-көз демей, тарпа бас салған олардың ойында не болғаны белгісіз. Мүлдем аяушылықтары жоқ. «Өлтір, көзін құрт!» деп атойлап жүргендерден бəрін күтуге болар еді. Сапымыз ыдырағаннан кейін бізді бөліп алып, жабылып сабай бастады. Мəмілеге келу, əңгімелесу дегенді білмейді. Шамамыз жетпейтінін біліп шегініп, қаша бастадық. Алайда қуып жеткен топ соққының астына алып, көпірден төменге лақтырып жіберді. Жобамен 7-8 метр биіктіктен құладым,- дейді Дəурен Ешимов.

Сарбаз мұз үстіне құлапты. Дəрігерлер оның оқ өткізбейтін бронды жилеті мен басындағы каскасы қатерден аман қалуына септігін тигізді дейді. Кейін ол адамдардың көмегімен дəрігерлік пунктке жеткізілген.

 Қазір жағдайы жаман емес, қызметіне кіріскен. Сарбаздың жанына соққыдан гөрі осы қаскөйлікті сырттан келген жау емес, өз еліндегі қандастарының жасағаны қатты батып отыр.

Ер азаматтың басына не келіп, не кетпейді. Қинайтыны – бейбіт күнде өз азаматтарымыз бірін-бірі жау санап, жағадан алып, зəбірлеп жатқандығы. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бəрі бос» демей ме, əр қазақ бірін-бірі дос көріп, құрметтей білгенге жететіні жоқ қой,- дейді сарбаз.

Наукеев атағандай, алаңдағы 3 мың адамның бəрі бірдей басбұзар деуден аулақпын, бірақ, оның ішінде арандатушы топ бар екенін аңғару қиын емес еді. 

Олар сарбаздардың жұмысына кедергі келтіріп қоймай, киімдерін шешіп, əскери бұйрықтан жалтаруларын талап етіп, қоқан-лоққы көрсетіп жатты. Көпшілігі жігіттердің əскери міндеттерінен бас тартқанын қалады. Бірақ, тəртіпті сақтау – бізге берілген бұйрық. Ал, сол жерде əскери киімді шешіп, екінші тарапқа өту – бұйрыққа бағынбау. Ондай жағдайда сарбаз жауапқа тартылады. Бірақ, біздің жігіттер – шыдамды, өз міндеттерін толық білетін азаматтар,- дейді бөлім командирі Манат Наукеев.

Сарбаздың  балалық шағы

Қатардағы Дәурен Ешимов 2003 жылдың мамыр айының 18 күні Түркістан облысы Мақтарал ауданы Партсъезд ауылында қарапайым, көпбалалы отбасында дүние келген.

Дәурен отбасындағы 7 баланың тұңғышы, ата-әжесінің алғашқы немересі болды. 2010 жылы  Сарыарқа жалпы орта мектебінің алғаш табалдырығын аттайды. Бала кезден спортқа қызығып өседі.

Спортқа қызығуыма әкемнің үлесі үлкен болды. Мен боксқа қатысқым келді, ел намысын қорғап жүрген боксшы ағаларымызды теледидардан көргенде қатты қызығатынмын, «мен де чемпион боламын» деген балалық арман пайда болды. Өкінішке орай бокс бойынша үйірме жабылып қалды да, күреске қатысып кеттім, -деп еске алды Ешимов.

Дәурен 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін күреске қатысады. Өзінің ауылында күрес мектебі болмай көрші ауылға қатынап, барып жүреді. Ешқандай жаттығудан қалмай қатысып, әжептеуір тәжірибе жинақтап, әдістер үйреніп алдыңғы қатарға шығады, балалар арасында күрестен өткен аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, 1,2  жүлделі орындар иеленіп жүреді. 2014 жылы атасы кенеттен көз жұмады. 

Мені атам тұңғышым деп қатты еркелететін, үнемі қолдаушым болатын, қайда барса қасынан тастамайтын. Атамның үйреткені көп еді. Атамның қазасы менің бала көңілімді қатты есеңгіретті. Үйімізде орны білініп тұрды,- дейді Дәурен.  

Дәуреннің әкесі - Берікбай мал шарушылығымен айналысқан, төрт түліктің ішінде жылқыны ерекше баптаған кісі болған.

Ол әкесінің қасында жүріп ауылда, ауданда өтетін көкпар ойындарына барып жүреді. Осылай жүріп ат спортына көңілі ауады. Әкесінің дайындаған аттарымен көкпарға қатысып көреді. Бала күннен аттың құлағында ойнаған ауыл баласына көкпар спортын үйрену қиынға соқпайды. 9-сынып оқып жүргенде ағасының айтуымен аудандық «Байшұбар» атты көкпар командасына іріктеуге қатысады да, үздік нәтиже көрсетіп, командаға алынады. Командамен талай жарыстарға қатысады. Ат спортымен бірге сабағын да қалдырмауға тырысады. 11 сынып аяқтағанда мектеп бітіруші түлектер қатарында Дәурен де тарих пәнін таңдап, «Заңгер» мамандығы бойынша ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Жалпы есеппен 89 балл жинайды. Алайда таңдаған мамандығына жинаған балы сәйкес келмей оқуға түсе алмай қалады. Дегенмен сағын сындырмай, ат спортынан қол үзбей қатысып жүреді. 

Көпірден лақтырылған сарбаз: «Өлтір, көзін құрт!» деп ұрандап жүргендерден бəрін күтуге болар еді

Ауылдағы күйбең тіршілікпен жүргенде зымырап уақыт та өте берді.  Ер жетіп, есейген саналы ер азамат ретінде әскер қатарына барып келуге шешім қабылдаған Дәурен өз шешімін атанасына айтады. Әкесі баяғысынша қолдайды, ал анасы басында қарсылық білдіргенмен соңынан батасын береді. Үйінің тұңғышы ретінде мойнына артылған жүкті жақсы түсінді, өзінен кейін бірінен-соң бірі өсіп келе жатқан 6 бауыры бар. 

«Отанды қорғау- ердің ісі»

Дәуреннің  басты мақсаты -  Отан алдындағы  әскери борышын адал атқарып,  қызметке орналасып, отбасына көмектесу. 

Себебі әрбір ер адамның өмірінде әскерде мерзімді әскери қызмет өткеретін кезең келеді. Өзің тұрып жатқан үйің мен жеріңді қорғай білу – Қазақстан Республикасының азаматы және отбасының тірегі ретіндегі әрбір ер адамның бойындағы қажетті қасиет. 

Бұл орайда Ешимов 2021 жылдың маусым айында Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөліміне әскер қатарына алынады. Қазіргі таңда жедел мақсаттағы батальоны 2 ротасы 1 взводында сарбаз (атқыш) лауазымында әскери мерзімдік қызметін адал абыроймен  атқарып жүр.

Қатардағы  Дәурен Ешимов - ротадағы нағыз қазақ жігітіне тән мінезі бар сабырлы, байсалды сарбаздардың бірі. Әскери ортада өзін өте жақсы ұстайды, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қарапайым сыйластықты жоғары бағалайды. Әскери қызметші ретінде саптық дайындығы да жақсы, ату қаруынан жаттығуларды тек «өте жақсы» бағаға орындайды. Спортқа жаны құмар, шымыр денелі, өзінің дене дайындығына ерекше көңіл бөліп, дене жаттығуларын ескертусіз өздігімен орындап жүреді. Ал жауынгерлік қызметке келер болсақ, ішкі қарауылды сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сенімді сарбаздардың бірі деп айта аламын. Жеке сұхбат өткізгенде байқағаным қатардағы Ешимов Дәуреннің отбасына, жақындарына  деген мейірімі де ерекше. Отбасын, Отанын шын сүйетін осындай сарбаздардан «елім, жерім» дейтін нағыз ер азамат шығатына сенімдімін,-дейді рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі лейтенант Бабуржан Батиров. 

 

Өзгелердің жаңалығы