Алматыдан Шымкентке шыққан ұшақ Таразға шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Алматы тұрғыны Арай Төлеген Threads-те жазды. Оның айтуынша, ұшақ 22:50-де ұшуы тиіс болған. Алайда әуелі рейс 30 минутқа, кейін тағы 30 минутқа кешіктірілген. Салдарынан әуе кемесі түнгі сағат 00:00 шамасында ғана көкке көтерілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Арай Төлегеннің сөзінше, Шымкент әуежайына қонуға шамамен 15 минут қалғанда ауа райы күрт нашарлаған.
Найзағай соға бастады. Алғашында жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсінбей, оны видеоға да түсірдік. Алайда қатты турбуленттілік салдарынан ұшақ қауіпсіз қона алмай, қатты шайқала бастады, – деп жазды ол.
Жолаушының айтуынша, шамамен 15 минут бойы әуе кемесі қатты теңселген. Ұшақ жерге жақындап қалғандықтан, көптеген жолаушы қатты қорыққан.
Кейбір адамдар жылады, дұға оқи бастады. Басқалары сабыр сақтауға тырысты. Бортсеріктер жолаушыларды үнемі сабырға шақырып, жағдай бақылауда екенін айтып отырды. Ұшқыштар жоғары кәсібилік танытып, жағдайды өз бақылауына алды, – дейді Арай Төлеген.
Оның сөзінше, бір сәтте көптеген жолаушы қайғылы жағдай болып кетуі мүмкін деп ойлаған. Алайда экипаж қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдап, ұшақты Тараз қаласына бағыттаған.
Ұшу кезінде жолаушыларға бұл туралы ешқандай ақпарат берілген жоқ. Тек аман-есен қонғаннан кейін ғана бортсеріктер Таразға келгенімізді хабарлады, – деп жазды ол.
Арай Төлегеннің мәліметінше, жолаушылар Таразға түнгі сағат 02:00 шамасында жеткен. Қонғаннан кейін олар әуежайда сағат 03:00-ге дейін күткен. Кейін Шымкентке қайта ұшу ұйымдастырылған.
Алайда бастан кешкен жағдайдан кейін жолаушылардың жартысына жуығы өміріне қауіп төнеді деп қорқып, бұл рейспен ұшудан бас тартқан.
SCAT не дейді?
Оқиғаға қатысты SCAT әуе компаниясы түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, ұшақ Шымкент әуежайына қонуға жақындаған кезде ауа райы күрт нашарлаған.
Желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай ойнады, нөсер жауын жауды және жел ығысуы қаупі байқалды. Осыған байланысты Алматы – Шымкент рейсінің экипажы Тараз қаласындағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдады, – деп хабарлады компания редакцияға.
SCAT өкілдерінің айтуынша, ауа райы жақсарғаннан кейін әуе кемесі рейсті жалғастырған. Ұшақ қосалқы әуежайда шамамен бір жарым сағат болып, кейін Шымкент әуежайына штаттық режимде қонған.