Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27 мамыр күні Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында «Конституциялық реформа: саяси трансформацияның қазақстандық жолы» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті.
Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.
Отырыс қатысушылары алдағы референдумның елді дамыту мен қоғамды демократияландырудағы маңызын, сондай-ақ Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның рөлін талқылады. Сарапшылар мемлекеттің басты құжатына енгізілмек өзгерістер мен толықтырулардың ҚР саяси жүйесіне қалай әсер ететіні туралы пікір алмасты.
Жиынға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, сондай-ақ Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшылары қатысты.
Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның модераторлығымен өтті.
Алдағы референдум, мемлекеттің саяси жүйесін демократияландыру мен либерализациялау жүріп жатқанын көрсетеді. Бұл мемлекетті өзгерту мүмкіндігі. Мемлекет басшысы халықпен ақылдасып, жауапкершілікті бөлісіп және халықтың кері байланысқа шығуын қалайды. Бізге либерализмді, демократияны және ең бастысы әділеттілікті таңдау ұсынылады,- деп атап өтті С.Нұртаза.
Отырысты Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Əбілқайыр Байпақов ашып, өз сөзінде ол:
Конституциялық реформа бүкіл мемлекеттік модельді кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Біз еліміздің болашағына немқұрайлы қарамауымыз керек. Қазақстанның болашағы біздің қолымызда, біз қабылдайтын шешімдерден құралады,- деді.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаев Президенттің бастамасын қолдауға шақырып, бұл өзгерістер халықтың өтініштеріне деген жауап екенін атап өтті.
Халық конституцияға енгізіліп отырған өзгерістерді қолдап жатқандығын байқап жүрміз, дегенмен әрбір азаматтың дауысы маңызды болғандықтан өткізілгелі отырған референдум туралы неғұрлым көп ақпарат айтып, ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды жалғастыру керек, - деді ол.
Соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша референдумды халықтың 72%-дан астамы қолдаған. Бұл туралы ҚҚДИ сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев мәлімдеді.
Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бұған дейін де болғаны белгілі. Ата заңымызға қатысты референдум осыдан 27 жыл бұрын өтті. Осы уақытқа дейін өзгертулер Парламент қарауына ұсынылып, депутаттардың мақұлдауымен өзгеретін. Халықтың пікірі ескерілмейтін. Осы жолы да Ата заңға енетін өзгертулерді Парламентте дауысқа салып «бір ауыздан» мақұлдап жіберуге болатын еді. Бірақ, Мемлекет Басшысы өзгерістерді халықтың өзі таңдасын деп, референдум өткізуді ұсынып отыр. Бұл өте дұрыс шешім және ел болып қолдауға лайықты іс деп ойлаймын. Жалпы референдумға қатысты қоғамның әртүрлі топтарынан, түрлі салада жұмыс істейтін азаматтардан көптеген сұрақтар қойылып жатыр; оның да себебі бар, осы уақытқа дейін «сайлау», «дауыс беру» ұғымдары Президентті сайлау немесе Мәжіліс, Маслихат депутаттарын сайлаумен байланысты болып келгені рас. Соңғы әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі бойынша 72%-дан астам халық референдумды қолдап отыр. Бұл жақсы көрсеткіш, азаматтарымыздың саяси белсенділігі жоғары екені байқалады. Қазақстанда 11 миллионнан астам адам республикалық референдумға қатыса алады, олардың басым бөлігі жастар. Яғни, 18-45 жас аралығындағы әрбір қазақстандық бірінші рет өз таңдауын жасап, еліміздің әділ әрі дамыған мемлекет болуына өз үлесін қосайын деп отыр, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум биыл 5 маусымда өтеді.