Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ата заңға енгізілетін өзгерістердің арасында өлім жазасын алып тастау туралы норма бар. Осы мәселенің мән-жайын Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, профессор, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Жалаири түсіндіріп берді.
Бізде 1998 жылғы қаңтар айының 1-нен бастап күшіне енген ҚР Қылмыстық Кодексінде бейбіт уақытта ерекше ауыр жағдайларда қасақана кісі өлтіргендерді өлім жазасына кесу қарастырылған болатын. Алайда 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның өлім жазасын тоқтатуға қатысты мораторий жарияланды, - деді сарапшы.
Оның сөзінше, 2021 жылы еліміз екінші факультативтік протоколды ратификациялады. Бұл құжат бойынша өлім жазасы алып тасталды.
Сонымен қатар 2021 жылы Қылмыстық Кодекске осы мәселеге қатысты өзгертулер енгізілді. Бірақ өлім жазасы тек аса ауыр (соғыс жағдайында жасалған – авт.) қылмыстарға қолдануға ғана қалдырылды. Кейін желтоқсан айында заңға тағы да өзгерістер енгізіліп, өлім жазасын алынып тасталды. Енді бұл норманы Конституциядан алып тастамаса, Қылмыстық Кодекстен ғана алынғаны есептелмейді. Сол себепті Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда өлім жазасы алынып тасталады. Сөйтіп елімізде өлім жазасы ешқашан қолданылмайды, - деп түсіндірді Өмірәлі Жалаири.
Сарапшының айтуынша, әлеуметтік зерттеулер халықтың 80%-ы жоғарыда айтылған өзгерісті қолдайтынын көрсетіп отыр.