Қуғын-сүргін кезең-кезеңмен кешенді түрде атқарылған

31 Мамыр 2022, 18:15
2544
Бөлісу:
Қуғын-сүргін кезең-кезеңмен кешенді түрде атқарылған

Батыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік жұмыс тобы өнімді іс атқаруда. 

Топ құрамындағы 9 зерттеушіге ведомстволық арнайы архивтердегі құпия құжаттармен жұмыс жасау үшін рұқсат берілген.

Комиссия мүшелері әр тақырыпты бөліп алып, зерттеу жүргізуде. Тарих ғылымының кандидаттары – Бақтылы Боранбаева ашаршылық тақырыбымен, Альфия Байболсынова Алаш қайраткерлері, лагерьлер жүйесі мен НКВД кеңселеріне қатысты, Есқайрат Қайдаров ұжымдастыруға қарсы көтеріліспен байланысты мұрағат құжаттарымен айналысуда. Өлкетанушылар – Қазыбек Құттымұратұлы қуғынға ұшыраған дін қайраткерлерін, Жантас Сафуллин кәмпескеленген байларды, Ахмедияр Батырханов соғыс тұтқындары мен репрессияланғандарды, Айболат Құрымбаев депортацияланғандарды зерттеуде. Былтыр жұмыс нәтижелері 2 кітап болып басылды. Алда да 10 шақты кітап басылуға материал жеткілікті. Жұмыс тобы ізденіс нәтижелерін batysmura.kz сайтында жариялап отыр.

Өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, «DANA» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жантас Сафуллин кәмпескелеуді тек тәркілеу деп қабылдамай, кең ауқымда қарастырып, кешенді зерттеп барып тарихи бағасын беру керек дейді.

Себебі 1920-30 жылдардағы кәмпеске – адамзат тарихындағы аса ауыр қылмыстың бірі. Ол халықтың белгілі бір категориясының мал-мүлкін тәркілеу ғана емес, бұған дейінгі заңсыз шаралармен ұштасқан біртұтас әрекет. Тәркіленумен қатар түрлі алым-салық салынып, жеке азаматтық құқықтары толық шектеліп, тіпті ел ішінде еркін жүріп-тұруына тыйым салынып, жер аударылып, мәжбүрлеп жұмысқа жегіп, бас бостандығынан айыру сынды ауыр жазаларға заңсыз тартылған. Өздерімен қоса жақын-жуық, бала-шағасы қуғындалған.

Қазақстанда кәмпеске 1928 жылы 27 тамызда Қазақ советтік социалистік автономиялық республикасы орталық атқару комитеті мен Халық Комиссарлар кеңесі «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысынан (декрет) кейін басталған.

-Кәмпескеленіп жер аударылатын байлар мен совет өкіметіне қауіпті саналатындардың тізімін астыртын анықтаған соң, билік органдары ресми жариялы жұмысты бастайды. Алдымен, әр ауданға арнайы өкілдер жіберіп халықпен, соның ішінде кедейлермен кездесулер ұйымдастырды. Жаңа науқанның мақсатын түсіндіріп, белсене ат салысуға шақырады. Осылайша үгіт-насихат жұмыстарын 1928 жылдың 3-20 қыркүйек аралығында жүргізуге тиіс болады. Ал мал-мүлікті тәркілеуді 1928 жылдың 21 қыркүйегінен бастап, сол жылдың 1 қарашасында аяқтау тапсырылады.  Науқанға дейін жасалған жоспарға сай, 1928 жылдың 20 қыркүйегінде «Қызыл ту» газетінде Орал округтік атқару комитетінің кәмпескелеу, жер аудару туралы қаулысы жарияланады. Газеттің осы нөмірін таптық. Мұнда 1928 жылы Орал округі бойынша кәмпескеленетін 71 байдың аты-жөні көрсетілді. Халықтың аштықтан қынадай қырылуына басты негіз болған кәмпескелеу науқаны осы күннен қарқын алады. «Қызыл ту» мен «Красный Урал» газеттерінде қаулыны қолдайтын материалдар ұйымдастырылып, халықтың арасына белсенді насихатты бастайды. 

Кәмпескеге іліккен байлардың алдымен мал-мүлкін тартып алады, содан соң тұрғылықты жерден көшіруге шешім шығарып, әр кәмпескеленген байға арнайы нөмерленген куәлік берген. Барған жеріне сол куәлігімен барып тіркелу керек болған. 1928 жылы алғашқылар болып кәмпескеленген 71 адамның тізімі бойынша БҚО полиция департаментінің ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында қылмыстық істердің бар-жоғына сұрау салдық. Мұрағаттық қылмыстық істер арасында тәркіленген 71 адамның 11-іне қатысты қылмыстық іс бар екені анықталды, - дейді саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі Жантас Сафуллин.

Кәмпескеге байлар ғана емес, халық алдында беделі зор, кеңес өкіметінің саясатына қарсы не қолдамайтындарды да жатқызған. 1928 жылы Орал округінен кәмпескеленген 71 жанның 35-і байлар санатына жатпайтын. Жантас Нәбиоллаұлының айтуынша, олардың 4-еуі хан және сұлтан тұқымы, 5-еуі алашордашылар мен кеңестік құрылысқа қарсы идеядағылар, 8-і дін қызметкері, 1-еуі саудагер, 17-сі патша үкіметі тұсында мемлекеттік лауазымда болғаны үшін дүние-мүлкі тәркіленіп, туған жерінен қуылған. Осы кәмпескеде 2779 жылқы, 17591 сиыр, 34043 қой, 1459 түйе тартып алынған.

Кәмпескені жүзеге асыру кезінде, сол кездегі тиісті заңнамалар емес, мысалы 1926-жылғы РФССР қылмыстық Кодексі емес, 27/VІІІ-28-жылғы ҚССР ОАК пен ХКК қаулысы басшылыққа алынады. 1926 жылғы РФССР қылмыстық Кодексінде бай, кулак болу – қылмыс емес. Сондықтан, адамдарды бай, кулак болғаны үшін ғана қудалау - сол кезеңнің заңнамаларына қайшы іс болды,  дейді Жантас Нәбиоллаұлы.

Кәмпеске бір күнде басталмаған. Алдына ала үлкен дайындықпен келген. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық архивінде (121-қор, 1-тізімдеме, 306-сақтау бірлігі, 28-байлау) 1922 жылы осы өңірдегі барымташылардың есебі жүргізілген құжаттар бар.

Большевиктердің саясаты сатылап жүрді. Әуелі қандай бір іс-тірлігіне кедергі болатын фактор, категорияларды жойды. Барымташыларға дұрыстап кірісуі де тегін емес. Барымташылар – халықтың ең бір әрекетшіл, қайраткер тобы, қазақ әділет институтының бір бөлігі. Барымта – өзге ешбір елде жоқ, тап-таза қазақы ұғым. Бертініректе, мән-мазмұны бұрмаланғаны болмаса, барымта – ұрлық не тонау емес, өзіне қандай да бір қиянат жасады деген тараптың малын айдап алып кетіп, әділет қалпына келгенше, кепілдікте ұстау. Барымтаға кез келген адам қатыса алмайды, ол - білегі жуан, жүрегі түкті азаматтардың ісі.  Кез келген әділетсіздікке қарсы тұра алатын бұл азаматтар – кеңестік жүйенің қиянатшыл саясатына (мысалы, кәмпеске, жер аудару, т.с.с) төзбейтіні анық еді. Сондықтан большевиктер ең әуелі бас көтерер батырларды (барымташыларды) жойды. Сосын ар-ождан идеологиясын, дін институтын талқандады. Молда атаулы бұқарадан шеттетілді, сөйтіп олардың руханиятқа ықпал-үлесі кеміді. Бұл «кедергі факторлар» алдын ала жойылмағанда, кеңес үкіметінің кәмпеске науқанын жүзеге асыруы екіталай еді, - дейді Жантас Сафуллин.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік жұмыс тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаровтың дерегінше, 1928-1932 жылдары ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылығы, көтерілістер Батыс Қазақстан облысы аумағын түгелдей дерлік қамтыған. БҚО Полиция департаменті архивінен табылған құжаттарға сәйкес, Жымпиты, Жаңақала және Ілбішінде көтерілістері, Шыңғырлау ауданында ұжымдастыруға қарсылықтар, Орда, Азғыр аудандарында кәмпескелеуге қарсы наразылықтары болған. Көтеріліске қатынасқандар тұтқындалған. Зерттеуші сот үкіміне жетпей қаза тапқандарды, концлагерге айдалғандарды анықтаған. Көтеріліске қатысқан адамдар қатаң жазаланып, советтік репрессияның барлық қысымын басынан өткерді.

1920-1922 жылдардағы Орал, Бөкей губерналарындағы ашаршылық зардаптары жайлы тың деректер тапқан тарих ғылымдарының кандидаты, Махамбет университетінің доценті Бақтылы Боранбаеваның айтуынша, 1917 жылы Бөкей губерниясы тұрғындарының саны 251 мың болса, 1920 жылы 181 мың адам өмір сүрген, яғни 3 жыл ішінде тұрғындар саны 70 мың адамға азайған. 1921 жылы қуаңшылық болып, аштықтан көп адам өлген. Оның үстіне ақ гвардияшыл бандалар аш халықтың соңғы астығын, малын тартып алып,  талан таражға салған. 1921 жылы Бөкей өлкесінде Азамат соғысына дейінгі мал санының  20% ғана қалады.

Өңірлік жұмыс тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Махамбет университетінің кафедра меңгерушісі Альфия Байболсынова БҚО аумағында болған саяси тұтқындар лагерлері туралы ақпарат аса құпия сақталғанын, кейбір маңызды құжаттар әскери құпияға сәйкес жойылғанын айтады. Альфия Сабырғалиқызы ГУЛАГ жүйесінде қызмет жасаған лагерлерді, НКВД-ның айыптау және жазалау үкімі орындалған жерлерді анықтауда.

Комиссия құрамындағы журналист, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы саяси қуғын-сүргін құрбаны болған мыңнан аса дін өкілінің аты-жөнін анықтады. 1920 жылдан басталған қудалау кезінде «Кеңес үкіметіне жат элементтер» тізіміне кірген дін қызметкерлері сайлау пұрсатынан айы­рылып, жер аударылған. Біразы шетелге бас сауғалаған. Ал 1930 жылдардың басында «босқындарды ел­ге қайтару» бағдарламасымен елге орал­ған бұл тұлғалардың көбі 1937-1938 жылда­ры репрессияның екінші толқынына ұшы­рап, қатаң жазаға (көбіне ату жазасы) ұшыраған. Жұмыс қорытындысы негізінде жинақталған деректер «Сенім үшін сергелдең» атты кітап болып жарық көрді.

Депортацияланғандарды зерттеп жүрген тарих магистрі Айболат Құрымбаев БҚО-ға қоныс аударушыларға қатысты барлығы 3582 іс барын, олардың ұлттық құрамын, оларға тағылған айыптарды анықтады.

Соғыс тарихын зерттеп жүрген өлкетанушы Ахмедияр Батырханов БҚО-дан 2939 соғыс тұтқынының аты-жөнін тапты. Оның айтуынша, жергілікті полиция департаментінің архивінде 1939-1945 жылдары Фин және Ұлы Отан соғысында жау қолына түскен соғыс тұтқындарының 581 ісі сақталған. Комиссия құрамындағы Ахмедияр Қуанұлының зерттеу жұмыстарының қорытындысы ретінде әскери тұтқындардың анықтамалары, архив құжаттарының көшірмелері топтастырылып «Тауқымет тартқан тағдырлар» атты кітап баспадан шықты.

 Қазақстанда 1927-1953 жылдары 103 мың адам жазаланып, 25 мыңдай адам атылған деген дерек айтылады. Зерттеу жұмыстары барысында тың деректер көп кездесуде. Геноцидтің кезең-кезеңмен кешенді түрде атқарылғанына көз жеткіздік.  Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – қоғамдық сананы реабилитациялау тұрғысынан да, десоветизация, декоммунизация, деколонизация тұрғысынан да аса маңызды. Мұның батыл, сауатты, жүйелі жүзеге асуы – елімздің революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуына мүмкіндік береді, - деді өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, «DANA» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жантас Сафуллин.

Өзгелердің жаңалығы