Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның XII отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституция жобасына енгізілген түзетулерді жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2-бапта ұлттық валютаның атауы екі тілде де «Теңге» деп жазылды. Елорданың мәртебесі конституциялық заңмен айқындалады. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекет есебінен өтеу құқығы 15-баптан 14-бапқа ауыстырылды, - деді ол.
Оның айтуынша, комиссия мүшелері «адам құқықтары абсолютті» деген терминді қайта қарау қажеттігін көтерген. Нәтижесінде 14-баптың 2-тармағында бұл ұғым «ажыратуға және айыруға болмайтын құқық» деп өзгертілді.
17-бапта «өмір сүру құқығы әрі адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы» деген редакция қабылданды. 12-баптың 3-тармағы нақтыланып, «туылғанына орай өзге елдің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға заңда көзделген ережелер қолданылады» деп жазылды. 23-баптың 6-тармағынан «арандату әрекетіне» деген сөздер алынып тасталды.
Сонымен қатар 12, 13, 14, 33, 45 және 49-баптардың редакциялары нақтылаудан өтті. 60-баптың 3-тармағында Құрылтай Конституцияға сәйкес өзге де мәселелер бойынша заң қабылдайтыны көрсетілді. Алғашқы нұсқада қоғамдық қатынастар тізбесі жабық болған.
Рәсімдік нормаларды ескере отырып, заң жобалары бойынша оқылымдар санын Конституциялық заңда белгілеу ұсынылды, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Еске салсақ, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Ата Заң тұңғыш рет қазақ тілінде әзірленгенін айтты.