Конституция қағидаттары әрбір заңда көрініс табуға тиіс – депутат

2026 жыл - Қазақстан тарихы үшін ерекше жыл

 Үкімет 27 Қараша 2026, 11:22
27 Қараша 2026, 11:22
81
Фото: Үкімет

Өткен аптада Құрылтайда Конституциялық соттың елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауы ұсынылды. Құрылтай депутаты Александр Данилов құжаттың маңызына тоқталып, жаңа Конституцияның қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, 2026 жыл Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Тәуелсіздіктің 35 жылдығында мемлекеттің алдағы жылдардағы дамуының негізгі құндылықтары мен қағидаттарын айқындаған жаңа халықтық Конституция қабылданып, күшіне енді.

Бүгінде Конституцияны Ата заң ретінде қарастырып қана қоймай, Президент бірнеше рет атап өткендей, оның ережелерін әрбір заңда, әрбір мемлекеттік шешімде және азаматтардың күнделікті өмірінде жүйелі түрде жүзеге асыру аса маңызды, – деп жазды Александр Данилов.

Қоғам қайраткерінің пікірінше, бұл бағытта Конституциялық сот ерекше рөл атқарады. Конституциялық бақылаудың тәуелсіз институты ретінде оның негізгі міндеті – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ заңнамадағы мәселелерді жүйелі сипат алмай тұрып анықтау.

Конституциялық сот қызметін бастағаннан бері 18 мыңнан астам өтініш түскен. Оның шамамен 99 пайызы – азаматтардың өтініштері. Осы кезеңде Конституцияға сәйкес келмейтін 14 норма қолданыстағы құқық жүйесінен алынып тасталып, тағы 19 нормаға конституциялық-құқықтық түсіндірме берілген.

Александр Данилов Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарын заң жобаларын әзірлеу кезеңінен бастап ескерудің Құрылтай үшін маңызы зор екенін айтты.

Біздің жұмысымыздың сапасы қабылданған заңдардың санымен емес, олардың қаншалықты түсінікті, болжамды, әділ болуымен және адам құқықтарын қорғауымен өлшенуге тиіс. Бүгінде Конституциялық соттың нормативтік қаулыларының 70 пайызы іске асырылды. Тағы 17 қаулыны Құрылтай депутаттарының заңнамалық бастамасы аясында іске асыру жоспарланып отыр, – деді ол.

Сонымен қатар Конституциялық соттың жолдауында сот билігінің тәуелсіздігі, меншік пен еңбек құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқару сапасы, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект жағдайындағы конституциялық кепілдіктер мәселелері қамтылған.

Технологиялар дамуға тиіс. Алайда адам құқықтарына қатысты шешімдер ашық, тексеруге қолжетімді және адамның бақылауында болуы қажет, – деді ол. 

Данилов Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованың атқарған жұмысына да ерекше тоқталды. Ол жыл басында Конституциялық комиссияны басқарса, бүгінде жаңа Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын институтқа жетекшілік етіп отыр.

Қоғам қайраткері жолдауда көрініс тапқан «Заң мен тәртіп» қағидатының мемлекетке де, азаматтарға да бірдей қатысты екенін атап өтті.

«Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың ғана заң алдында тең болуын білдірмеуге тиіс. Бұл – мемлекеттің өзіне, әрбір мемлекеттік органға және лауазымды тұлғаға қойылатын талап. Конституция негізсіз шешімдер қабылдауға жол бермейді және мемлекеттік биліктен әділдікті, құқықтық айқындықты және жауапкершілікті талап етеді, – деді Александр Данилов.

Оның айтуынша, Конституция Құрылтай депутаттарының заң шығару қызметіндегі басты бағдар болып қала береді. Адам құқықтары мен бостандықтары, заң үстемдігі, әділдік және мемлекеттің жауапкершілігі секілді құндылықтар қабылданатын әрбір заңда көрініс табуға тиіс.

Жаңа Конституция Қазақстанның алдағы жылдардағы даму бағытын айқындады. Ендігі ортақ міндетіміз – оның ережелерінің әрбір азаматтың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету, – деп түйіндеді Александр Данилов.

Наверх