Көне аспаптар, киіз үй философиясы және экскурсия: Астанада ерекше кеш өтті

Өнер музейіндегі ерекше кеште қонақтар түнгі экскурсияға қатысып, көне аспаптардың үнін тыңдап, киіз үй мәдениетімен танысты.

Кеше 2026, 12:26
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Кеше 2026, 12:26
Кеше 2026, 12:26
416
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Халықаралық музейлер күні қарсаңында Өнер музейі алаңында «Ашық аспан астындағы музей түні» атты мәдени-танымдық кеш өтті. Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты ұйымдастырылған шара қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық өнер, тарихи жады және рухани мұрамен жаңа форматта қауыштырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кештің басты ерекшелігі — музейдің дәстүрлі көрме кеңістігінен шығып, ашық шығармашылық алаңға айналуы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мақсат — музейді тек жәдігер сақтайтын орын ретінде емес, заманауи мәдени орталық ретінде таныту.

Іс-шара барысында қонақтар қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен танысып, ұлттық аспаптар көрмесін тамашалады. Сонымен қатар түнгі экскурсиялар, жанды музыка, лекция-концерттер, шеберлік сабақтары, балаларға арналған шығармашылық аймақтар мен фотозоналар ұйымдастырылды.

«Музей - үнсіз тарих»

Кешке қатысқан Креативті индустрияларды дамыту қорының өңірлік даму жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Каналимов музейлердің қоғам үшін маңызы ерекше екенін айтты.

Оның сөзінше, музей - жай ғана тарихи заттар қойылған орын емес, өткен дәуірдің үнсіз куәгері.

Әр музейдің өз міндеті, өз миссиясы бар. Адам музейге кірген кезде ерекше сезіммен шығады. Себебі ол жерде тұрған әрбір жәдігер - өткен заманның ізі, тарихтың үнсіз тілі. Музейлер халықты өз тамырымен байланыстырады, -– деді Ерлан Каналимов.

Ол Өнер музейінің қысқа уақыт ішінде елорданың маңызды мәдени кеңістіктерінің біріне айналып үлгергенін атап өтті.

Каналимовтың айтуынша, музей қорында 1600-ден астам экспозиция бар. Оның ішінде музей ұжымының өз қолымен қайта жаңғыртқан жәдігерлері ерекше орын алады.

Қазақ халқының музыкалық мәдениеті өте бай. Көпшілік төрт-бес қана ұлттық аспапты білуі мүмкін. Бірақ зерттеулерге сәйкес халқымызда 120-дан астам музыкалық аспап болған. Бүгін сол мұраны өз көзімізбен көріп, үнін тыңдауға мүмкіндік бар, - деді ол.

Құрастырмалы домбырадан төрт шақырымға жететін аспапқа дейін

Кештің ең қызықты бөлігінің бірі ұлттық аспаптарға арналған арнайы таныстырылым болды. Музыкалық аспаптар музейінің негізін қалаушы Азамат Бақия қонақтарға көне аспаптардың жасалу жолын көрсетіп, кейбірін бірнеше секунд ішінде құрастырып шықты.

Оның айтуынша, қазақтың көптеген музыкалық аспаптары көшпелі өмір салтына бейімделіп жасалған.

Қазақ мәдениетінде жиналмалы дүниелер көп болған. Киіз үйдің өзі толықтай құрастырмалы жүйе. Аспаптар да сондай. Біз қазір жаңғыртып жүрген кейбір домбыралар мен қобыздар бұрыннан құрастырмалы түрде жасалған, - деді ол.

Азамат Бақия кеш барысында көрермендерге ерекше жаңалық күтіп тұрғанын айтты.

Бүгін қонақтар төрт шақырымға дейін дауыс жететін аспапты көреді. Сонымен қатар Тұран жолбарысының ақырған үнін салатын көне аспап та таныстырылады, - деді шебер.

Кеш соңында ұлттық аспаптарға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген көрермендерге арнайы сыйлықтар табысталды.

«Қазақ күйінде философия бар»

Өнер музейінің қызметкері әрі аспаптанушы Заңғар Мүбәрак қазақ музыкалық мәдениетінің терең философиялық мәніне тоқталды.

Оның сөзінше, көшпелі өркениетте күй мен сөздің орны ерекше болған.

Біздің мәдениетте күй арқылы бүтін бір оқиғаны жеткізуге болатын еді. Қазақ сөздің де, күйдің де қадірін өте жоғары бағалаған. Әр аспаптың артында терең философия жатыр, - деді ол.

Заңғар Мүбәрак бүгінде көне ұрмалы және үрмелі аспаптарды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Қазір бізде зерттеушілер де, орындаушылар да, аспап жасаушылар да бірлесіп жұмыс істейді. Ұлттық музыкалық мұраны жаңғырту үшін осындай ортақ еңбек қажет, – деді аспаптанушы.

Кеш барысында келушілерге киіз үйдің құрылысы мен оның философиялық мәні де таныстырылды. Жазушы әрі сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы арнайы лекция өткізіп, кереге, уық, шаңырақ секілді ұғымдардың тарихи мағынасы туралы айтты.

Қонақтар сонымен қатар музей шеберханасын аралап, ұлттық аспаптардың қалай жасалатынын көрді. Ашық аспан астындағы концертте көне аспаптар үні шырқалып, қазақы атмосфера кештің сәнін келтірді.

Наверх