Қонаев руханият саласында тек «орыстандыру» бағытын ұстанды - журналист

19 Желтоқсан 2020, 00:47
5312
Бөлісу:
Қонаев руханият саласында тек «орыстандыру» бағытын ұстанды - журналист

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. “Қонаевтың тұсында қазақ мектептері жаппай жабылып, қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұрды” дейді журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев. Зерттеу мақаласында қаламгер Қонаевқа қатысты көпшілік батылы барып айта бермейтін жайттарды жіпке тізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Қонаев? Осы арада бәріміз бүгежектеп айта алмайтын бір ащы ақиқат бар. Қанша жерден мадақтап, әспеттесек те, Қонаевтың руханият саласында тек «орыстандыру» бағытын ұстанғанын жасыра алмаймыз. Оның кезінде 700-ден аса қазақ мектебі жабылып қалғаны шындық.

«Жаптырмаймын!» десе, билік қолында тұр еді. Жоқ, билігін пайдаланбады. Ал, сол кезеңдерде біз сияқты күн кешкен өзбек, түркімен, тәжік мектептерінің бірде-бірі жабылған емес. Алматы сынды қалада №12 орта мектеп пен екі мектеп-интернатты қосқанда, бар-жоғы үш-ақ білім ошағы қазақ тілінде оқытатын, – дейді Қайым-Мұнар Табеев.

Оның пікірінше, Қонаевтың қазаққа қырын қарауының мынадай себебі бар. Қаламгер осы орайда ұйғыр жазушысы Әбдікерім Ғаниевтің «Исмаил Юсупов: «С чистотой помыслов» атты деректі повесі мен журналист Мадат Аққозиннің естелігін мысалға келтіреді.

1962-64 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып қызмет істеген Юсуповтың естелігі бар. «Республикаға басшылық етуге мен келгенде «менің қаракөз достарым» Қазақстанның басына ұйғыр келді деді. Ал Қонаев туралы ондай әңгіме айтылған жоқ. Оның ұлты татар еді ғой. Біз Д.А.Қонаев екеуміз бала кезден бірге өстік, сосын Сопы Зарват атындағы ұйғыр орта мектебінде бірге оқыдық, - деп жазды ол.

Сонымен бірге ардагер журналист Мадат Аққозин былай деп жазыпты:

Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында екі қазақ, бір орыс отыр. Олар аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекітілейін деп жатқандар еді. Ана тілінде амандасқан екі қазақты Қонаев сол жерде тоқтатып, «жалпыға түсінікті» орыс тіліне көшулерін сұрайды. Сол үшеудің бірі – менің ескі танысым Рахымбай Тазабеков болатын. Ол ауылда туған адам.

Оған республика басшысының өзі секілді екінші қазақтан орысша сөйлеуін талап етуі оғаш болып көрінген» (Аzattyq.org. 30.11.2009 ж.) Қазақ тілінің қадірін түсіретін де, көтеретін де биліктегі бірінші басшылар екенінде дау жоқ. Қалай болса да, шыққан тегінде шаруамыз шамалы, қазақ мектептерінің жаппай жабылуы – тікелей Қонаевтың мойнындағы іс” – деп түйіндейді мақала авторы.

Табеевтің пікірінше, өз ана тілінде сөйлеген жастарға жирен шашты апамыздың «Говори по-русский!» деп зекіп, дікеңдегеніне де кінәлі Қонаев.

Өзгелердің жаңалығы