Қонаевтың құрметіне салынған ескерткішті танымал мүсінші сынға алды

21 Қазан 2020, 01:44
2564
Бөлісу:
Қонаевтың құрметіне салынған ескерткішті танымал мүсінші сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желіде Дінмұхамед Қонаев бейнеленген ескерткіштің суреті мен видеосы тарап жүр. Мүсіншілер мен желі қолданушылар жаңа монументті сынға алды. Себебі оны талғамсыз жасаған, тіпті, пропорциясы да сақталмапты. 

Танымал мүсінші Олжас Мұхамеди де өз нарызылығын білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Тендер мен параға арналған ескерткіш! Мен Қазақстандағы ескерткіштер мен мүсіндер мәселесін бұрыннан бері көтеріп келемін. Алайда бәріне қазіргі жағдай ұнайтын сияқты. Бәлкім, президент осы проблемаға назар аудар. Мен өзім 60 адамнан тұратын бір топ мүсіншілердің атынан ұсыныс беруге дайынмын, – деп жазды Мұхамеди Facebook парақшасында.

Әлеуметтік желі қолданушылары оны қолдап, жаңа ескерткішті сынға алды. Дінмұхамед Қонаевтың басы кішкентай, ал денесі тым жалпақ және ұзын болып шыққан. 

Sputnik Қазақстан Алматы облыстық әкімдігіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне сәйкес, Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнатуға бюджеттен ақша бөлінбеген. Барлығы демеушілер қаржысына жасалып жатыр.

2020 жылы 15 қазанда мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссия Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш орнату бойынша барлық құжатты мақұлдаған болатын. Одан кейін тиісті құжаттар Нұр-Сұлтанға мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді, - дейді мамандар. 


Олардың айтуынша, мүсінді орнату туралы шешім бүгін қаралып, шығарылуы тиіс. Қазіргі кезде жаңа монумент қойылатын жерде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы